Алматының Наурызбай ауданында бір күнде 2 тонна қоқыс жиналды

  • 33
  • 21.07.2025, 18:48

Алматы қаласының Наурызбай ауданында өткен сенбілік аясында 2 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Бұл бір күнде атқарылған жұмыстың нәтижесі. Қаланың қоқыс мәселесі – күн тәртібінен түспейтін түйткіл. «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен кезекті сенбілік осының айғағы.

Тазалық жұмыстары Қилыбай Медеубеков көшесінен басталып, Таутаған шағынауданына ұласты. Қай тұста шөп қаулап, бұта шатасып жатса, сол маң тегіс тазартылды. Сенбілікке 500-ге жуық адам жұмылдырылып, 2 гектар аумақ көздің жауын алар кейіпке енді. Әкімдік қызметкерлері, еріктілер мен «Алматы Тазалық» мекемесінің мамандары, барлығы да күрек пен сыпырғы қолға алып, іске білек сыбана кірісті.

Айгүл Майқанова, «Алматы Тазалық» мекемесінің жол тазалаушысы:

- Мына жолдардың бәрі инфрақұрылысы, мына тротуар, көшенің тазалығы, ағаш кесу – өте керемет жұмыс жасап жатырмыз. Себебі ондайға күнде қараймыз. Себебі бұл біздің қаламыз. Сондықтан бәріміз атсалысамыз бұған.

Бұл жұмыстарға 7 арнайы техника тартылды. Сенбілік тек жер сыпырумен шектелмеді. Таутағанда ағаш бұтақтары кесіліп, көпжылдық шөптер орылды. Көшелер шаңнан арылды. Осылайша ай сайын емес, апта сайын тазаланатын аудан өзгелерге үлгі. Себебі тазалық тоқтаған жерде тұрмыс та тоқырайды. 

Мадияр Қыздарбек, Наурызбай ауданы әкімі аппаратының көріктендіру бөлімінің бас маманы:

- Бұндай жұмыстар қазіргі таңда «Таза Қазақстан» акциясы аумағында әр сенбі күні жүргізіледі. Әр сенбі сайын бізде ауданымыздың жастары бар, еріктілері бар, өзіміздің ауданның тұрғындары бар және де қаладан келетін қонақтарымыз бар. Сол себепті жиналады. 

Наурызбайлықтар сенбілікті салтқа айналдырған. Біреудің айтуымен емес, өз еркімен жиналады. Себебі олар қаланың көркі де, келешегі де өз қолдарында екенін жақсы біледі. 

Алуа Ералықызы, Валентин Лобанов