Абай облысындағы барлық аудандарда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтіп жатыр. Оған мыңнан астам тұрғын қатысты. Қоқыстан тазартылуы тиіс аумақтар тізіміне өңірдегі киелі орындар да енді. Оның ішінде Семей іргесінде орналасқан Қасиетті кілт бұлағы да бар. Аталған аумақтың өзінен он қап қоқыс шығарылды.
Экологиялық акцияға «Жасыл ел» жасақтары мен Бесқарағай ауданындағы белсенділерінен құралған 55 адам жұмылдырылды. Олар сенбілікке апта сайын шығып тұрады. Алайда табиғатты ластаушылар қатары азаяр емес.
Бесқарағай ауданындағы қоқыс тастау орындарына жыл басынан бері 200 тоннадай тұрмыстық қатты қалдық шығарылды. Экологиялық іс-шаралар табиғи-мәдени аумақтар мен әлеуметтік нысандардың алдында да қызу жүріп жатыр. Абай облысы аумағынан өткен алты айда 37 мың тонна қоқыс шығарылған.
Зухра Тілеуқожинова, белсенді:
- Аталмыш экологиялық акцияға Бесқарағай ауданының жастары әрдайым апта сайын шығуға және белсенді атсалысуға тырысамыз. Біз бұл акцияны қолдаймыз және барлық қазақстандықтарды, облыс тұрғындарын және жастарды осы аталған акцияға қатысып, елімізді, Қазақстанымызды таза сақтауға шақырамыз.