Ақтауды жағымсыз иіс жайлады

  • 57
  • 01.08.2025, 18:47

Ақтауды жағымсыз иіс жайлап алды. Тұрғындар таңсәріден көшеде демалудың өзі қиындайтынын айтып, шағымдануда. Қолқаны қабатын иіс әсіресе шаһардың жоғары аумағында өткір сезіледі. Мәселені жергілікті уәкілетті органдар қалай шешпек? 

Соңғы күндері Ақтаудан жағымсыз иіс кетпей тұр. Қазір біз 9-шағынауданда тұрмыз. Көліктер қаланың жоғары бөлігіне көтерілетін аумақта қолқаны қабатын иіс өткір сезіледі. Тұрғындар осы жағдайдың жыл сайын жаз айлары байқалатынын айтып, дабыл қағуда.  

Айгүл Абдуллаева, қала тұрғыны:

-Үш ай жаз бойы кешкісін жел осы беттен соққанда, мына солтүстік беттен соққанда мына жерде демалу мүмкін емес. Осы иістің кесірінен біздің денсаулығымыз құрып жатса, сонда кім жауап береді?

Гүлбану Жолдасова, қала тұрғыны:

-Терезелердің бәрін жауып тастаймыз. Далаға шықсаң иіс. Барлық жер сасып жатады. Сыртқа шықсақ та, балаларды дұрыстап ойната алмаймыз.

Тұрғындар қолқаны қабатын иіс Қошқар ата қалдық қоймасынан келуі мүмкін дейді. Расында, жасанды көлге қаладан шығатын кәріз сулары құйылады. Құбырдағы ағынды суды тазалайтын қос станция шаһардың сыртында орналасқан. Мемлекеттік коммуналдық мекеме өкілі қазір екінші станция жаңғыртылып жатқанын айтып отыр.

Серік Жалғасбай, «Каспий жылу су арнасы» МКК бас инженері:

-Қаланың жоғары аумағынан 16-17 мың текше метр су КОС-2 ге төгіледі. Ол жерде сақталмай, тез арада Қошқар ата көліне төгілуде. Суды бұратын жер тек осы Қошқар ата көлі. Басқа жер жоқ. Тек механикалық өңдеуден өтіп отыр бұл су. Толық көлемде тазартылмайды. Келесі айдың соңына дейін реконструкция жұмыстары жасалуда. 

Экологтар қаланың аумағында, сондай-ақ Қошқар ата көлі маңында ауа құрамына бақылау жүргізген. Соңғы жерде ауадан алынған сынамалар күкіртсутек және көміртегі оксиді қалыпты мөлшерден көптігін көрсетіпті. Хаттама жасақталып, құзырлы органдарға жолданған.  

Армат Жүсіпқалиев, облыстық Экология департаментінің басшысы:

-Біздер хаттама толтырдық. Оның барлығы да жолданды. Енді иістің шығуы өзіңізге белгілі жаздың ыстығына байланысты Қошқар атаға жиналған судың жиналуы. КОС-2 толықтай іске қосылмай бұл иістен кішкене бір ауытқулар болады. Ертең күзге қарай ылғал келгеннен кейін, жауын-шашын жауғаннан кейін бұл иіс шықпайды. 

«КОС-2» станциясы тәулігіне 30 мың текше метр кәріз суын өңдейді. Оны реконструкциялауға республикалық бюджеттен 11,5 млрд теңге бөлінді. Құрылыс-монтаждауы қыркүйекте аяқталған соң қондырғы 70 мың текше метрге дейін ағынды суларды тазартатын болады. Оған дейін тұрғындарға шыдай тұрудан басқа амал жоқ. 

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Александр Убейкин