Ақтауда қала жағажайында ауқымды сенбілік өтіп, сүңгуірлер теңіз түбін қоқыстан тазалауға белсене атсалысты. Атаулы күнге орай табиғат жанашырлары мен экологтар дөңгелек үстелде бас қосты. Халықаралық ұйым сарапшылары онлайн қатысқан жиынды аймақ әкімдігі, экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Тегеран конвенциясының хатшылығы бірлесе ұйымдастырды. Басқосуда тараптар Каспийдің таяздануынан теңіздің биоәлеміне қауіп төніп тұрғанын айтып, экологиялық апаттың алдын алу жолдарын талқылады. Ал тәуелсіз сарапшылар «Каспий - менің теңізім» атауымен қоғамдық кеңес құрып, оның құрамына су айдынының тағдырына бей-жай қарамайтын белсенді азаматтарды қосуды ұсынып отыр.
Әділбек Қозыбақов, «Ecojer» қауымдастығы аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы:
-Тек қана Қазақстанда емес, 5 мемлекеттің барлығында осындай жергілікті жерде, әр елде өзінің осындай бастама жұмыс жасайтын болса, ол Тегеран конвенциясын жүзеге асыруға ықпалын тигізеді деген сеніміміз мол. Яғни бұл жерде Тегеран конвенциясының ережелері мен талаптарының орындалуына жергілікті деңгейде қадағалау керек болып тұр. Соның ішінде қоғамдық бақылау керек.