Түркістан облысының Сарыағаш ауданында бейберекет қоқыс тастайтындар айыппұл арқалайды. Бұрын қоршаған ортаны ластайтындарға тәртіп сақшылары ғана айыппұл салса, енді ондай құзірет аудан, ауыл әкімдеріне де беріліп отыр. «Осындай қадамға бармасақ, қоқыстың ортасында қалатын түріміз бар»,– дейді ауданның атқамінерлері. Жалпы Сарыағаш ауданында 225 мың халық тұрады. Оның 60 мыңы қалада қоныстанған. 250 көше бар. 60-тан астам шипажай, 30 тойхана, 7 базар жұмыс істейді. Аудан әкімдігі осының бәрін таза ұстап тұру үшін жақында қоқыс шығаратын 11 трактор, өзі су шашып, көше сыпыратын 1 әмбебап камаз сатып алыпты. Тағы 13 дана трициклға тапсырыс берген. Ауданда тазалық жұмыстары аптасына 2 рет жүргізіледі.
Самат Елесов, Қапланбек ауылының тұрғыны:
-Біз қазір Қапланбек ауылының үлкен тас жолының бойында тазалық жұмысын жүргізіп жатырмыз. Үнемі тазалап отырмыз. Себебі жүргізушілер ішкен суының құтысын, қағаз, салфетка, басқасының бәрін тастап кете береді.
Мұрат Байқабылов, аудан әкімінің орынбасары:
-Сарыағаш ауданына қарасты 4 кеден бекеті бар. Бір кеден бекетінен күніне 50 мыңға жуық адам өтеді. 15 мыңға жуық көлік өтеді. Адамның тығыздығына байланысты қоқыс өте көп болады. Біз тазалық жұмыстарымен қоса идеологиялық жұмыстарды да атқарып отырамыз.