Елімізде енді қоқысты сұрыптау мен қайта өңдеу мәселесі түйткілден табыс көзіне айналады. Әзірге бұл проблема өткір тұр. Айталық, былтыр елімізде жиналған 4,5 млн тонна қалдықтықтың 30% қайта өңделуі тиіс болған. Ол міндет тек 26% орындалды. Енді мемлекеттік жекеменшік серіктестігі механизмі енгізіліп экономикалық негізделген шекті тариф енгізіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында енді қалдық өңдейтін кәсіпорын салам деушілерге утиль алым есебінен жеңілдетілген несие беру тетігі енгізілді. Ол 3 пайыздық мөлшерлемемен 15 жылға беріледі және екі жыл төлем каникулы бар. Бүгінде жергілікті әкімдіктермен 67 жоба бекітіліп, 317 миллиард теңге қарастырылып отыр. 43 жоба қалдықты қайта өңдеумен байланысты. Оның алтауы қаржыландырылып, жобалау және құрылыс жұмыстарын бастауға дайын тұр. Экология вице-министрі атап өткендей, өндірісті құрып, қалдық өңдеуді бастауға дейін шамамен 1,5 жылдай уақыт қажет.
Жомарт Әлиев, ҚР Экология және табиғи ресусрстар вице-министрі:
-Қарапайым қала тұрғыны қатты тұрмыстық қалдықтарды қоршаған ортаны ластайтын қоқыс ретінде ғана көреді, ал оған қосалқы шикізат ретінде қарайтын болсақ, ол пайда табатын бизнес. Бұл дегеніміз ертең осы салаға кәсіпкерлердің қызығушылығы артады деген сөз. Демек алдағы бірнеше жылда біз тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мен өңдеу көлемінің міндетті түрде артатынын көреміз.
Айта кету керек, «Таза Қазақстан» акциясы экологиялық болашақ үшін миллиондаған адамдарды біріктірді. Науқанға 10 миллионнан астам адам қатысып, 1,5 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған бұл шара елде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. 2024 жылы арнайы тұжырымдама қабылданып, қоқысты сұрыптау, фандоматтар орнату және мектептерде экобокстар қою жұмыстары басталды. Сонымен қатар 1,3 миллиардтан астам ағаш егілді. Оның ішінде Аралдың құрғаған табанына 48 миллион сексеуіл отырғызылды. Экологиялық мәселелерді шешуге цифрлық құралдар да тартылып жатыр. Мәселен, @TazaQazBot арқылы түскен 16 мыңнан астам өтініштің көпшілігі орындалды.