Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық ағарту ісінің бірыңғай үлгісін енгізуді ұсынды. Баршаңызға мәлім, былтырдан бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында 1 100 экологиялық акция өткізілді. Оған 10 млн 400 мың адам қатысты. Оның 586 мыңы ерікті. Нәтижесінде 1 млн 600 тонна қалдық жиналып, 860 мың гектар аумақ тазартылды. Жоба аясында кең көлемде көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік орман қоры аумағына 1 млрд 369 млн көшет пен Арал теңізінің құрғаған түбіне 48 млн 700 мың сексеуіл егілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Қоршаған ортаға жанашыр болу, оған үлкен жауапкершілікпен және шынайы қамқорлықпен қарау ұлттық идеологияның өзегі болуы керек. Тазалық мәдениетін қоғамда терең орнықтыру өте маңызды міндет. Осы бағытта Үкімет экологиялық ағарту ісінің бірыңғай үлгісін енгізуге тиіс. Бұл жұмыс мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін барлық деңгейдегі білім мекемелерін қамтуы қажет. Осы жұмысқа атсалысып жүрген азаматтарға, әсіресе, жастарға ризашылығымды білдіремін».