Түркістан облысында су үнемдеу жүйесі енгізілді

  • 22
  • 09.09.2025, 19:42

Еліміздің оңтүстігінде су үнемдейтін технологияларды қолдану аясы кеңейіп келеді. Биылдың өзінде Түркістан облысында тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясы 59 мың гектар алқапқа енгізілді. Мамандар бұл біріншіден, суды үнемдесе, екіншіден, өнімділікті арттыратынын айтады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру керектігін, ол үшін ауыл шаруашылығы саласына су үнемдеу технологияларын тездетіп енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Отырарлық шаруа жылда ағын судан тапшылық көретінін айтады. Биыл мамандардың кеңесіне құлақ асып, 180 гектар мақта алқабына тамшылатып суару жүйесін енгізген. Жері сазды топырақ болғандықтан бұрын гектарынан 25 центнерден өнім алып жүрген диқан биыл жаңа технологияның көмегімен өнімділікті 3 есеге дейін артырмақ ниетте. Науқан басталғанда ақ алтынның әр гектарынан 60 центнерден өнім жинауды жоспарлап отыр.

Сержан Тастанбеков, қожалық төрағасы: 

- Мынандай жерде, қиын жағдайда мақтаны өсіріп, осылай жайқалтып қою – өте үлкен еңбек. Келесі жылдан бастап барша шаруалар осы жаңа технологияларға өтуі керек – міндеттіміз. Біріншіден, жерді тиімді пайдалансақ, екінші - өнімді арттыру. Үшінші - суды үнемдеу.

Биыл өңір шаруалары 44 мың гектарға тамшылатып, 15 мың гектарға жаңбырлатып, суару технологиясын енгізді. Оның ішінде 32 мың гектары бұрын мүлде игерілмей, сор басып, бос жатқан жер болатын. Осылайша облыста жалпы су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап 114 мың гектарға жетіп, суармалы алқаптардың 20 %-ын қамтыды.

Елдегі  су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, Түркістан облысының алдына су үнемдеу технологияларын 216 мың гектарға дейін ұлғайту міндеті қойылған.

Дәулетияр Алшынбай, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы Су ресурстары бөлімі басшысының міндетін атқарушы: 

- Жаңадан су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып отыр. Жалпы 2024 жылдан бастап су үнемдеу технологияларын енгізуге кеткен шығыстарды 80%-ға дейін субцидиялау қарастырылған. 

Ағын судың 70 пайызын көрші елден алатын Түркістан облысының шаруалары су үнемдеу технологиясына көшудің маңыздылығын түсіне бастады. Осының нәтижесінде өңірде су үнемдейтін техника шығаратын кәсіпорын құрылды. Мұнда жылына 184 мың шақырым тамшылатып, суару құбырлары шығарылады.

Досхан Лесов, коммуналдық кәсіпорын басшысы: 

- Тамшылатып суару технологиясы толықтай өзімізде шығарылады. Оның ішінде фитингтер, магистральдық құбырлар, фивиси шлаг, лайфреттер, немитрлердің барлығы өзімізден шығады. Біз жалпы 3360 шаруаға 106 мың гектар суармалы жерді қамтамасыз ету үшін толықтай су үнемдеу технологиясын ендіруді қолға алып жатырмыз.

Бұдан бөлек, былтыр өңірде су үнемдеу құрылғыларын шығаратын 3 зауыт ашылды. Жобалық құны 12 млрд теңге болатын кәсіпорындардың жылдық қуаттылығы 73 мың гектар алқапты қамтиды. Жауаптылардың айтуынша, алдағы уақытта осы кәсіпорындар есебінен Түркістан облысымен қатар көршілес аймақтарды да су үнемдеу технологиясымен қамтуға мүмкіндік тумақ.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов