Каспий деңгейі жыл сайын 70 сантиметрге төмендеп барады

  • 24
  • 09.09.2025, 19:45

Соңғы уақытта жүргізілген зерттеулер Каспийдің аумағы 70 мың шаршы шақырымға дейін шегініп кеткенін көрсетіп отыр. Жағалауының жалпы ұзындығы 7 мың шақырымға созылған теңіздің суы Иран, Түрікменстан, Әзербайжан мен Ресей жағалауын шаяды. Теңіздің ең үлкен бөлігі - 29%-і Қазақстанға тиесілі. Бұл шамамен 2 мың 340 шақырым. Қазір еліміздегі жағалау сызығы 18 шақырымға тартылған. Мамандар бұл құбылысты «экологиялық апат», - дейді.

Мемлекет басшысы жақында Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының отырысында осы мәселеге тоқталып, Су мәселелері жөніндегі орталық құру туралы ұсыныс көтерді.

Айта кетсек, өткен айда Ақтауда Каспий теңізін зерттейтін институт құрылып, оған Үкімет резервінен 305 млн теңге бөлінді. Қаржы гидробиология, гидрохимия және гидрометеорологиялық ғылыми-зерттеуге жұмсалады.   

Орынбасар Тоғжанов, «АМАNАТ» партиясы жанындағы Экологиялық кеңестің төрағасы:

- Каспий Аралдың тағдырын бастан кешуі тікелей мүмкін. Келетін судың мөлшері көбейеді екен деп үміттенудің қажеті жоқ. Олай болатын болса, басқа жобаны қарастыру қажет болады. Сонау солтүстіктегі Обь өзенінің бір бөлігін Торғай қақпасы арқылы Каспий теңізіне әкеліп құю.

Әділбек Қозыбақов, ECOJER қауымдастығы Аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы:

- «Каспий теңізін сақтайық» деген глобальды экологиялық қозғалыс бар. Сол қозғалысты жергілікті деңгейде жүзеге асыру үшін «Каспий - менің теңізім» деген бастама көтердік. Тегеран конвенциясы 2003 жылы қабылданған еді. Бірақ қазіргі таңда 20 жылдан асса да ешқандай нақты нәтижені біз көріп тұрған жоқпыз.