Қарағанды облысында қоқыс сұрыптау кешендері салынады

  • 8
  • 29.10.2025, 19:35

Ол ұзақ жылдар бойы тұрмыстық қалдықтармен толып кеткен ескі полигонның маңына салынды. Енді мұнда жылына 15 мың тоннаға дейін қоқыс сұрыпталады. Бұл экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Өңірде тағы осындай төрт кешен салу жоспарланып отыр.

Абай ауданындағы қоқыс сұрыптау кешенінің құрылысы жақында аяқталады. Қажетті құжаттар рәсімделгеннен кейін,  келесі жылы іске қосу жоспарланып отыр. Мұнда пластик, алюминий құтылар мен қағазды сұрыптайтын заманауи желі орнатылған. Осы жерден жылына 15 мың тонна қалдық қайта өңдеуге жөнелтіледі. Ауданда жыл сайын шамамен 6 мың тонна қоқыс жиналады. «Яғни кәсіпорынның қуаттылығы толық жетеді», - дейді мамандар. Жобаны іске асыруға облыстық бюджеттен 743 млн теңге бөлінген.

Кешен ескі полигон аумағында салынған. Мұнда қоқыс 50 жылдан астам уақыт бойы төгіліп келді. Тұрмыстық қалдықтар 5 гектар аумақты алып жатыр. Бұл төңіректегі экологиялық ахуалды жақсарту кезең-кезеңімен жүзеге асады.

Дмитрий Терёшин, Абай ауданы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Жалпы технология бойынша полигондардың пайдалану мерзімі 25 жылға есептелген. Ал бұл қоқыс төгетін аумақ әлдеқашан жабылуы тиіс еді. Сұрыптау кешенін іске қосқан соң қоқыстың бір бөлігін сұрыптап, қалғанын көміп тастайды.

Осындай қоқыс сұрыптау кешені облыстың тағы төрт ауданында салынады. Бұқар Жырау, Шет және Нұра аудандарындағы нысандардың құрылысына қатысты құжаттарға мемлекеттік сараптама жүргізілуде. Ал Балқаш қаласындағы кешен жеке инвестиция есебінен салынып жатыр.

Галина Побиянская, эколог:

- Бұл көптеген ауылдар мен шағын қалалар орналасқан аймақтар. Жұрт тұрмыстық қалдықты ретсіз төгіп келді. Сол себепті мұндай сұрыптау кешендері салынғаны әбден дұрыс. Халықты табиғатты аялауға шақыратын ақпараттандыру жұмысын да күшейткен жөн. Сонда ғана заңсыз қоқыс үйінділерін жою жұмысы өз нәтижесін береді.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Өңірде спутниктік түсірілім арқылы 600-ге жуық заңсыз қоқыс үйіндісі анықталған. Олардың басым бөлігі жойылды. Ал Қарағандыда қытайлық компанияның қатысуымен қоқысты жағып, электр энергиясын өндіретін заманауи кешен салу жоспарланып отыр.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит