Биылғы қазан айы астаналықтар үшін әдеттегіден жылы болды. Синоптиктердің сөзінше, айдың екінші жартысында ауа температурасы климаттық нормадан бірнеше градусқа жоғарылаған. Сондықтан қала тұрғындары мен қонақтары таза ауада көбірек уақыт өткізуге мүмкіндік алды. Бұл қалып әрі қарай да сақталады. 31 қазанда күн бұлттанғанымен, сынап бағанасы 14 градусқа дейін көтеріледі. Бірақ қарашаның алғашқы күнінде-ақ, күн райы суып, жерге алғашқы ақ ұлпа түсуі ықтимал. Жел екпіні де күшейе түседі. Секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Ал қыс маусымына болжам қандай?
Жұлдыз Исабекова «Қазгидромет» РМК ұзақмерзімді ауа райы болжамдар басқармасының басшысы:
-Қыс мезгілі қоңыржай, жылы болады деп күтілуде. Бірақ кей кезеңдерде ауа температурасының жиі өзгеруіне байланысты қар жамылғысында мұз қабыршығы жиі пайда болуы ықтимал. Желтоқсан айында ауа температурасы еліміздің басым бөлігінде климаттық норма шамасында күтілуде. Еліміздің солтүстік батысында нормадан жоғары, ал қиыр шығысында нормадан төмен болжануда. Осылайша, синоптиктердің болжамынша, қыста ауа райы негізінен қалыпты болады. Желтоқсан мен қаңтарда елдің көп бөлігінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында сақталады. «Тек шығыс өңірлерде ауа райы сәл салқындау, ал таулы аймақтарда қар көбірек түсуі мүмкін. Ал ақпан жылдағыдан жылырақ болады»,– дейді «Қазгидромет» мамандары.