Павлодарда күзгі ағаш егу науқаны жүріп жатыр

  • 24
  • 31.10.2025, 19:54

Ал 200 мың түп бұта тектес өсімдік пен сәндік ағаштар қала көшелері мен гүлзарлардың ажарын аша түскен. 

Павлодарда көбіне солтүстік өңірдің климатына шыдамды терек, қарағаш, үйеңкі, қайың мен қарағай өседі. Осыдан 60-70 жыл бұрын егілген ескі бәйтеректерді коммуналдық сала біртіндеп алып жатыр. Қаланың дендрологиялық жобасына сәйкес ағаш түрлерін жаңартуға шешім қабылданған. Бірінші болып ұсақ жапырақты жөке ағаштары егілді.

Татьяна Пономарёва, биолог-сарапшы:

- Қураған, шіріген ағаштарды жаңартып отыру – заманауи үрдіс. Мердігерлер ағаш еккен кезде ғылыми сүйемелдеу тобының кеңесіне жүгінеді. Біз өз тарапымыздан жасыл желектің жүз пайыз жерсінуін қадағалап, тиісті шараларды жасаймыз. 

Қаланы жасыл желекпен қамту бойынша ауқымды жұмыс жоспары бекітілген. Күзгі ағаш егу науқаны әлі жалғасып жатыр. Шағын гүлзарлар мен саябақтардың айналасы абаттандырылып, 200 мыңдай биік ағаштармен қоса бұта тектес сәндік өсімдік түрлері егілді. 

Мақпал Каржаубай, қала әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Дендрологиялық жоспарға сәйкес, Павлодар қаласын көгалдандыру жұмыстары аясында 20 мың түп ағаш көшеттері егілді. Көшелердің бойына жөке ағаштарын аллея түрінде егіп жатырмыз. Ал қаланың кіреберісіндегі  жасыл белдеуді дамыту ісі ары қарай да жалғасады. 

Қала халқы демалатын орын іздеп алысқа сабылмайды. Биыл тұрғын үйлердің жанында шағын саябақтар пайда болды.

Бақытжан Қадырбаева, қала тұрғыны:

- Ішкі ауланың барлығын таза ұстайды. Сенбі сайын сенбіліктерге шығады. Таза деп ойлаймын. Мен өте әдемі қалада тұрамын деймін. 

Биыл облыс орталығында бұрын-сонды болмаған абаттандыру жұмыстары қолға алынды. Әсіресе Лермонтов көшесінің келбеті толықтай өзгерді. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, мұндай жұмыстар алдағы уақытта қаланың басқа да аудандарында жалғасады.

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков