Итбалық жаппай қырылған Түпқараған ауданы жағажайында бақылау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Қараша айы басталғалы Форт-Шевченко ауылынан Баутин мүйісіне дейінгі аумақтан, сондай-ақ Құлалы аралынан 300-дей теңіз сүтқоректісі табылған еді. Балық инспекторлары жергілікті әкімдік өкілдерімен бірлесе жағалауда өлі итбалықтарды жинастырып, полигонда жойды. Олардың неден өлгенін білу мақсатында бірнеше итбалықтың денесі мен азу тісінен сынама алынған. Зертханалық талдаулардың қорытындысы алдағы уақытта белгілі болады.
Қайсар Нәдірбек, облыстық экология департаментінің бөлім басшысы:
- 3 және 8 қарашада анықталған фактілер бойынша теңіз суынан сынамалар алынды. Сынаманың нәтижесіне сәйкес ешқандай ластаушы заттар анықталған жоқ. Каспий теңізінің суы бірқалыпты жағдайда. Жоспарлы түрде ай сайын Каспий теңізіне мониторинг жұмыстарын жүргізіп тұрамыз.