Қарағанды облысының тұрғындары соңғы кездері ауаның ластануы мен жағымсыз иісіне жиі шағымданып жүр. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл мәселе алдағы 5 жылда шешілетінін айтты. Себебі дәл осы мерзімде қазір көмір жағып отырған жеке сектор газбен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Бүгінде Қарағанды, Теміртау және Шахтинск қалаларында 5 мың 700-ден аса үй көгілдір отынға қосылды. Жыл соңына дейін тағы үш мыңы қамтылады. Газға ауысу мүмкіндігі кәсіпорындар үшін де қолжетімді болмақ. Бүгінде Qarmet-тегі 3 домна пеші табиғи газға ауыстырылды. Нәтижесінде, ауаға тарайтын зиянды шығарындылар көлемі азайды. Себебі бұған дейін кәсіпорын тәулігіне 250 тоннадан астам мазут пайдаланған.
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:
-Болашақта олар ТЭЦ-тарын да газға ауыстырады. Сол кезде едәуір экологиялық жағдай Теміртауда дұрысталады деп санаймын. Ал егер жеке үйлерге қатысты болса, Теміртау қаласында 90% астам жер үйге, бұрын пешпен жағып отырған, газ жеткізіп бердік.