Олжас Бектенов Президент бастамасын іске асыру жөнінде кеңес өткізіп, барлық жауапты мемлекеттік органдардың есебін тыңдады.
Биыл «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 1 250 экологиялық іс-шара өткізіліп, оған 6,5 миллиондай адам қатысты. 2,8 млн-нан астам ағаш отырғызылып, 1 млн гектардан астам жер тазартылды және 800 мың тоннадай қалдық жиналған. Ғарыштық мониторинг арқылы 3 833 заңсыз қоқыс полигоны анықталып, олардың 80 пайызы жойылды.
@TazaQazBot телеграмм-чат платформасы арқылы 24 мыңнан астам өтінім түскен. Қоқыс шығару, көшелерді абаттандыру және жол жөндеу бойынша 23 мыңнан астам өтініш орындалды. Экологиялық қажеттіліктерді орындау мақсатында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинайтын 8 полигон іске қосылса, құны 89,5 млрд теңгенің 22 инфрақұрылымдық жобасы іске асу сатысында. Әлі де кешеуілдеп жатқан жұмыстарды еске салған Үкімет басшысы енді өзінің төрағалығымен барлық жұмысқа мониторинг жүргізу орталығы құрылатынын мәлімдеді. Жауапты мемлекеттік органдар енді ай сайын есеп беретін болады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мәселе шамамен 3 млн ағаш отырғызу немесе 800 мың тонна қоқыс тазарту туралы ғана болып отырған жоқ. Табиғатты қорғау идеясына бүкіл қоғамды біріктіру ісіне әрбір адамның белсенді қатысуы біздің жұмысымыздың басты нәтижесі болуға тиіс. Қазіргі және болашақ ұрпақтың жайлы тұрмысы осы міндеттерді сапалы іске асырумен байланысты болмақ. Сондықтан МБ бастамасы біркүндік науқан емес, жаңа экологиялық мәдениетті, сондай-ақ азаматтарымыздың күнделікті өмір салтын қалыптастыруға бағытталған тұрақты жұмыс болып табылады.