Атыраулықтарды экология мәселесі алаңдатады

  • 12
  • 04.12.2025, 18:38

Экология департаментінің мәліметінше, кәсіпорын ауаға шығарылатын зиянды заттардың мөлшерін нормадан асырған. Бұған қоса апаттық жағдайда жерге мұнай төгіліп, қоршаған ортаны бүлдірген. Мұнай өңдеу зауыты жақында қоғамдық тыңдау өткізіп, эмиссия шығару үшін 10 жылға рұқсат сұрады. Ал кәсіпорын маңында тұратын тұрғындар мен табиғат жанашырлары бұған қарсылық білдіріп, ауа сапасының нашарлағанын айтып шағымданып отыр.

Мұнай өңдеу зауытының іргесінде орналасқан Перетаска ауылының тұрғындары: «Кәсіпорыннан жағымсыз иіс шығады», - деп жиі шағымданады. Айман Шауқарова осында дүниеге келіп, осы ауылда тұрып жатыр. Соңғы жылдары жағымсыз иістің күшейгенін айтады. «Соның салдарынан жиі ауырып, денсаулығым сыр берді», - дейді.

 

Айман Шауқарова, Атырау қаласының тұрғыны:

- Жаздың ыссысында мына иіс тіпті қатты. Демалу мүмкін емес. Сосын үйдің есігін, терезесін ашудан қалдық. Иіс деген үйге кіреді ғой. Біздің талабымыз – мына жерден көшірсін дейміз. Біздер мына жерді сатып, көшіп кеткенде де ешкім сатып алмайды.

 

Зауыттың қоршаған ортаға зияны туралы Экология департаменті де жасырмайды. Биыл табиғатқа келтірген залалы үшін кәсіпорынға 30 млн теңге көлемінде айыппұл салған.

 

Айгерім Бектұрсынова, облыстық Экология департаменті бөлімінің мемлекеттік экологиялық инспекторы:

- 2025 жылы «АМӨЗ» ЖШС әрекетінде апаттық жағдай салдарынан жерге мұнай өнімдері төгіліп, жерді бүлдіру, алаудағы газ жағу кезінде белгіленген нормативтен артық шығарындылар шығару, ластаушы заттар шығарындыларын нормативтен асыру және осы орын алған жағдайлар бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға заңмен көзделген мерзімде хабарламау түріндегі бұзушылықтар анықталып, нәтижесінде 30 млн теңгеден астам айыппұлдар салынып, өндірілді.

 

Жуырда мұнай өңдеу зауыты 10 жылға эмиссия шығару үшін рұқсат алу мақсатында қоғамдық тыңдау өткізді. Жиынға жергілікті атқарушы органдар, зауыт өкілдері, экологтар және тұрғындар қатысты.

 

Болат Сандыбайұлы, табиғат жанашыры:

- Бұл зауыттың маңыздылығын бәріміз білеміз. Бірақ бұл зауыт бүгінгі күні осы Атырау халқын улап, біздің ауамызды ластап отырған зауыт. Бұлар 10 жылға сұрап отыр рұқсатты. Бұларға 10 жылға беруге болмайды. 2 жылға беру керек. 2 жылдан кейін бұлар есеп берсін. Солай 2 жыл сайын. Неге бірден 10 жылға береді? Ол дұрыс емес қой, өздеріңіз ойлап қараңыздаршы.

 

Дегенмен зауыт өкілдері қоршаған ортаны қорғап, шығарылатын зиянды қалдықтардың көлемін азайту мақсатында атқарып жатқан жұмыстары туралы айтты. Сонымен қатар зауытты жаңа технологиялармен қамтып, табиғатқа келетін залалды азайтатынын жеткізді.

 

Наиль Хакимов, «АМӨЗ» ЖШС бас директорының орынбасары:

- 1945 жылы салынған алғашқы өңдеу қондырғысында пештердегі ескі техникалар ауыстырылды. Бұл өз кезегінде, шығарындылар мен ластаушы заттардың мөлшерін азайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында зауыт аумағында және санитарлық қорғау аймағында 5 мыңнан аса көшет егілді.

 

Елордада өткен брифингте облыс әкімі зауыт жұмысына қатысты пікір білдірді. Өңір басшысы тұрғындардың талабы орынды екенін айтты.

 

Серік Шәпкенов, облыс әкімі:

- Халықтың жақын аймағында орналасқаннан кейін экология бойынша қойып отырған талаптары өте дұрыс, өте орынды. Сондықтан қазіргі таңдағы басты талабымыз – ішкі құрылғылардың барлығын модернизациядан өткізу керек, жаңа технологияларды қолдану керек.

 

Зауыт маңындағы тұрғындар бірнеше жылдан бері көшіруді сұрап келеді. Қазір арнайы мекеме атмосфералық ауаны тексеріп, сынама алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соның нәтижесіне сәйкес Перетаска ауылының қауіпті аймақта бар-жоғы нақтыланады. Әзірге тұрғындар қолқаны қабатын жағымсыз иісті жұтуға мәжбүр.

 

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин