2026 жылы су тапшылығы болуы мүмкін

  • 11
  • 04.12.2025, 18:43

Бұған жаһандық климаттың өзгеруі тікелей әсер етіп отыр. Су тапшылығы әсіресе алдағы егін маусымында Қызылорда облысы үшін күрделі мәселеге айналуы мүмкін.

Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев өңірге жасаған жұмыс сапары барысында осылай деді. Вице-премьер 2026 жылғы егінді суару мәселелеріне арналған мәжіліске қатысып, аймақтағы су жағдайын талқылады. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан аумағындағы ірі қоймаларда жиналған су көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3,8 млрд текше метрге азайған. Ал Шардара қоймасына қазіргі таңда секундына небәрі 662 текше метр су түсіп жатыр. Сондықтан Сыр өңірінде күріш егісінің көлемін қысқарту және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын әртараптандыру арқылы суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беріледі.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Қазіргі болжамға сүйенсек, онда бірде-бір литр келмеуі мүмкін. Онда біз екі су қоймада осы 7 млрд текше метрді сақтаймыз және шамамен тағы 1 млрд Тәжікістан мен Өзбекстаннан су келеді, өзіміздің үлесімізді аламыз, көп болса 1-1,5 млрд болады. Сондықтан болжам жаман. Қазір біз сіздерге осыны баяндау үшін арнайы келіп отырмыз. Оған дайындалу керек. Әлі уақыт бар. Жарты жыл уақыт бар. Оған дайындалу керек бірігіп. Басқа қолдау керек болса, оны да көрсететін боламыз.

Талғат Момышев, ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз нақты міндеттемелерді айқындадық. Су үнемдеу технологияларын қолданатын алқаптарды жыл сайын 150 мың гектарға дейін ұлғайту, 2030 жылға қарай олардың жалпы көлемін 1,3 млн гектарға жеткізу. Мемлекет су үнемдеу технологияларын қолданатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне айтарлықтай қаржылық қолдау көрсетуде.