Қыс мезгілінде жолдарды ерекше күтіп-ұстау қажет. Күн сайын қар тазалуға 408 техника мен 700 жұмысшы жұмылдырылады. Олардың қаланы күл-қоқыстан арылтуға қосып отырған үлесі қандай? Коммуналдық қызметке нендей цифрлы шешімдер енгізілді? Маман тапшылығы мәселесі қалай шешілуде?
Бет қаратпайтын аязға да, аптап ыстықта да қала тазалығын қамтамасыз ететіндер нағыз еңбек адамы. Солардың бірі Бұлбұлхан Базарбай 19 жылдан бері көше тазалаумен айналысады. Отағасы екеуі адал еңбегімен 2 баласын ер жеткізді. Өз жұмысына жан-тәнімен берілген Бұлбұлхан қала мүлгіген тыныштыққа оранған сәтте түнгі 3-те жұмысқа бет алады. «Ол экологиялық сана әр азаматтан бастау алуы тиіс»,– дейді.
Бұлбұлхан Базарбай, көше тазалаушы:
- Ер-азаматтар шылымның тұқылын көп тастайды. Соны біз қолмен теріп аламыз. Ағаштың түбіне тастайды. Ол ағашты қаншама қарапайым халық баптап өсіріп жатыр және ол ағашты өлтіреді. Тазалықты өзімізден бастайық. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дейді. Еңбек адамын биыл жұмысшылар жылы деп жатыр Президентіміз, өте дұрыс, ризамыз.
Иә, Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, еңбек адамдарын қолдауды тапсырды. Бұл ретте коммуналдық кәсіпорын жұмысшыларға 80 орындық жатақхана беріп, кейбіріне қызметтік пәтер кілтін тапсырды. Оларға қойылар талап та жоғары.
Замир Сағынов, «Астана тазалық» ЖШС бас директоры
-Біздің өзімізде осы тұрғанда 40-қа тарта жүргізуші жетіспейді. Келген жүргізушілердің 20 шақтысын өкінішке орай біз қабылдаған жоқпыз, 10 шақтысы жол ережесі емтиханынан өте алмады. Еңбекақыны көтеру, сыйақы беру арқылы өзімізге жақсы мамандар бағыттауға, тартуға істеліп жатқан шаралар деп есептейміз.
Енді қала көшелерін тазалау барысы цифрлық платформа арқылы қадағаланады. Биылдан бастап іске қосылған электрондық жол парағы жүйесі қаладағы 393 техникаға енгізілген. Ол жүргізушінің қай жерде, қалай кетіп бара жатқанын, тіпті жолдан шығып кеткенін де көрсетіп береді.
Дәл қазір экраннан жүргізушінің ұйқылы-ояу кетіп бара жатқанын байқауға болады. Мұндай сәтте аппарат бірден 5 сек ішінде сигнал беріп, орталыққа хабарлама түседі. Дәл осындай жағдайлар болмас үшін апаттың алдын алу үшін мынандай қондырғылар орналастырған. Бұл жерде әр жүргізуші ауысымның алдында өз денсаулығын тексереді. Бұрын кезек күтіп, дәрігерлерден тексеруден өтсе, қазір аппараттан әп-сәтте тексерістен өтеді. Міне, мына жерде маман дәл қазір өзінің қан қысымын өлшеуде. Мына жерде көзін тексере алады, көзден бұрын есірткі қолданды ма, қолданбады ма анықтай алады. Бәрі экранда анық көрсетіледі. Яғни бұл жүргізушіге жолдама берілді деп қағаз шықты. Дәл осы чек арқылы QR кодтан өтеді, сөйтіп жүргізуші өзінің жұмысына кірісе алады.
Дастан Мұсабеков, көлікті бақылау бөлімінің басшысы: -Өзіңіз көріп отырғандай, камералар орнатылған, ол жолға және жүргізушіге қарап тұрады. Яғни ол жүргізушінің іс-әрекетін, қалай көлікті басқарып бара жатқанын және жолдың бағытын көрсетіп отырады. Сонымен қатар біз дауысты қатты шығарып сөйлесу батырмасын қостық. Егер жүргізуші телефон арқылы сөйлессе бірден реакция береді.
Бүгінде қысқы көше тазалығына қажетті материалдар қоры толық жинақталған. Қоймаларда 1 200 м³-ден астам құм, 4 400 тонна көктайғаққа қарсы қоспалар және 1000 тонна реагент сақтаулы. Күн сайын қала тазалығына 1000-ға жуық жұмысшы жұмылдырылады.
Адам сәбиін қалай әлпештеп аяласа, табиғатты да солай қорғауы қажет. Сана тазармай, қалай тазармайтынын ескере жүрейік.
Құралай Жұмахан, Азамат Сәметов