Олар қала тазалығына үлес қосып қана қоймай, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға жанашыр болуға шақырады. Осы мақсатта түрлі іс-шаралар мен арнайы бағдарламалар ұсынды.
21 жастағы Рахатбек Қарсанбек экологиялық мәдениетті дамытуға үлес қосушылардың бірі. Жалпыхалықтық сенбіліктерден қалмай, әркез құрал-сайманын сайлап жүреді. Бұл жолы да саябақ аумағын қураған жапырақтар мен қоқыстардан тазартуға белсене атсалысты. Қатарластарын қоршаған ортаны таза ұстауға, табиғатқа жанашыр болуға үндейді.
Рахатбек Қарсанбек, қайырымдылық қорының волонтёрі:
- Біз тек біркүндік сенбілікті ғана емес, мақсатымыз – жастардың сау санада қалыптасуы. Өйткені сенбілік бір күн болуы мүмкін. Ал әрмен қарай жастардың қоқыс тастамауы және қоғамға жауапкершілік алуы, одан кейін қоғамның таза болуына әсер етеді. Түрлі бағдарламалар арқылы оқушыларды, студенттерді, қоғамды, Қазақстанымызды, Шымкентімізді таза ұстауға шақырып жүрміз.
Волонтерлер «Экобек» атты арнайы персонаж ойлап тапты. Экологиялық қозғалыстың символына айналған бұл кейіпкер балалар мен жастардың қызығушылығын оятып, табиғатты аялауға шақырады. Қала тазалығына үлес қосып жүрген жастар коммуналдық сала қызметкерлеріне көмектесіп қана қоймай, ыстық шай ұсынуды да әдетке айналдырған.
Биыл еріктілердің қатысуымен 114 акция ұйымдастырылды. Саябақтар мен өзен-көл аумағы, тұрғын үй секторының төңірегі тазартылды. Жалпы 46 тоннадан астам қоқыс сұрыпталып, қайта өңделген. «Одан түскен қаржы қайырымдылыққа бағытталды», - дейді сала мамандары.
Аружан Әлжан, қалалық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары:
- «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысқан кезде мақсатымыз – тек қана қоқыс жинап қана қоймай, оны әрі қарай сұрыптай білуді үйрену. Қоқыстарды қаптарға сала отырып, пластиктерді бөлек, қағаздарды бөлу өте маңызды екенін түсіндіреміз.
Өңірде 1700-ден астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның басым бөлігі волонтерлік және экологиялық салаларда табысты еңбек етіп, қоғамға пайда әкелді.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов