Елдің бірқатар аймағында ауа райы құбылып тұр. Салдарынан облыстық және республикалық жолдар қайта-қайта жабылып, көлік қозғалысы қиындаған. Тек Ақтөбе облысында 540 жолаушы теміржол арқылы тасымалданды. Оларды ұлттық компанияның пойыздары өңір орталығы мен Бестамақ, Алға, Тамды, Қандыағаш және Шұбарқұдық станцияларына жеткізді. Бұдан өзге үш облыста қар құрсауында қалған 100-ге жуық адам құтқарылды.
Қостанай облысында түні бойы жолда қалған жолаушылар құтқарылды. Павлов атындағы ауыл маңында төтенше жағдай қызметінің өкілдері кішкентай баласы бар әйелді өңір орталығына жеткізсе, Майалап елді мекені тұсында 17 адам мінген 7 автокөлікке жол ашып берді.
Солтүстік Қазақстан облысында кенеттен соққан боран бірқатар бағыттағы жолдарды жауып қалды. Ал Шал ақын ауданындағы Ступинка мен Семиполка ауылдарының арасында тұрып қалған 7 көліктің ішінде 20 адам болған. Үшеуі бала. Барлығы да жақын жердегі ауылдарға жеткізілді.
Сәкен Ділдахмет, «Қазавтожол» ұлттық компаниясының ресми өкілі:
- Осы ретте біз атап өткіміз келеді шектеу қойылған кезде ауыл-аудандардағы жолдар арқылы айналып өтпеуді сұраймыз. Себебі шектеулер ауа райына байланысты енгізіледі. Наурыз айының соңына дейін еліміздің орталық, солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде әлі де болса, қыс сақталады.
Жолда қалғандарға «Қазавтожол» қызметкерлері де көмек көрсетіп жатыр. Өткен тәулікте Астанаға қарай бағыт алған автобус қарға батқанда шұғыл түрде шығаруға жәрдем берді. Абырой болғанда, қоғамдық көлік ішінде жолаушылар болмаған. Ал жүргізушісі аман.
Ал Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданында қалың қар құрсауында қалған екі жеңіл көліктен 8 адам шығарылып, Толыбай ауылына жеткізілді.
- Жалпы 2025-2026 жылғы қыс мезгілінде «Қазавтожол» ұлттық компаниясының жол қызметі 2,5 мыңға жуық адамды қар құрсауынан құтқарды. Он мыңға жуық көлікті қар құрсауынан алып шықтық. Одан бөлек осы күнге дейін 715 мың көлікті колонналық сүйемелдеу арқылы өткізген болатынбыз.
Мамандар наурыз келгенімен, сәуір болмай, тәуір болмайтынын айтып отыр. Болжам бойынша, еліміздің бірнеше облысында қар, жаңбыр жауып, боран соғады. Тек оңтүстік өңірлерде жылы ауа райы сақталады.
Әнуарбек Мырзатайұлы