«Таза Қазақстан»: 5 жылда 1,6 млрд түп ағаш егілді

  • 6
  • 20.03.2026, 21:33

 «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны аясында биыл 210 миллионнан астам көшет отырғызу жоспарда. Бүгінде 243 орман тәлімбағында шамамен 157 млн көшет өсірілген. Жалпы Президент бастамасымен бес жылда 1 млрд 600 мың түп ағаш егілді. Бір миллион гектардан астам жерді орманды алқапқа айналдыру жұмыстары жүргізілді. Арал теңізі аймағындағы экологияны жақсарту шаралары да назардан тыс қалған жоқ. Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен жиында орман алқаптарын құру, өңірлерде экологиялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды. Қазір Аралдың кепкен табанына сексеуіл егу жұмыстары жалғасын табуда. Тұзды дауылдың зардабын азайтып, аймақтың экожүйесін қалпына келтірудегі тиімді амалдың бірі - осы жоба.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

-Президентіміздің «Таза Қазақстан» бастамасының негізгі қағидаттары, оның ішінде халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты негізгі құндылықтар еліміздің жаңа Конституциясында нақты бекітілген. Табиғатты қорғау – құр сөз емес, ол баршамыздың ортақ конституциялық борышымыз. Бұл ретте халықтың өмір сапасын жақсарту,  айналаны көркейту, жұртқа қолайлы жағдай жасау, қоғамның экологиялық мәдениетін арттыру, гидрологиялық жүйені қалпына келтіру бағытында атқарылып жатқан іс-шаралармен бірге орталықтың жұмысы да ерекше маңызға ие болады. Барлық мемлекеттік органдар жұмысты жандандыру қажет.