Оқыс оқиға Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылдық округі аумағындағы Сарыайдын көлінде болған. Күн жылынып, мұз ерігенде жүз мыңдаған шабақ көл бетіне қалқып шыққан. Қазір жергілікті табиғат жанашырлары мен балық инспекторлары өлген балықтарды сүзіп алып, жерге көміп жатыр. Әзірше 5 тоннадай өлексе жиналған.
Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті мен ветеринария басқармасының мамандары қырылған шабақтардан, судан, топырақтан тиісті сынама алып, сараптамаға жіберіпті. Арнайы құрылған комиссия: «Қыста мұздың қалыңдығынан су асты тіршілік иелеріне оттегі жетпей тұншыққан», - дейді.
Дархан Закарин, БҚО Табиғат пайдалануды реттеу және табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары:
- Сарыөзеннің ең соңғы бітетін жері — Айдын мен Сарыайдын көлдерінің ортасында орналасқан, бір-бірімен өзек арқылы байланысатын аумақ. Бұл өзек шамамен 3–4 шақырым жерді алып жатыр. Осы жерде салмағы 700 грамнан 1 килограмға дейін жететін негізгі балық — карась кездеседі. Біздің ойымызша, бұл жерде оттегінің жетіспеушілігі байқалады. Өйткені өзектің тереңдігі 70 см-ден 1 метрге дейін ғана, ал қыста мұз қалыңдап, түбіне дейін қатып қалуы осы жағдайға себеп болып отыр.