Олжас Бектенов Арал мәселесі бойынша халықаралық кездесу өткізді

  • 6
  • 30.03.2026, 21:30

Премьер-министр Олжас Бектенов Халықаралық Аралды құтқару қорының басқарма мүшелерімен кездесті. Жиында 22 сәуірде Астанада өтетін аталған қорға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысыда дайындық барысы пысықталды. Бірлестік 30 жылдан бері Орталық Азия елдерінің су, экологиялық және әлеуметтік-экономикалық мәселелері ортақ талқыланатын алаңға айналып отыр. Кездесу барысында су есебін жүргізу мен басқаруды цифрландырудың маңыздылығы атап өтілді. Сырдария мен Әмудария өзендері бассейндерінде су ресурстарын есепке алу, мониторинг жүргізу және бөлу бойынша бірыңғай автоматтандырылған жүйені кезең-кезеңімен енгізу жайы да сөз болды.

Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің айтуынша, Қазақстан Орталық Азияның су ресурстарын пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенциясын пысықтауды қолдайды. Құжат су ресурстарын ұтымды пайдалану, трансшекаралық зиянның алдын алу және гидрологиялық ақпарат алмасуды дамыту бойынша келісілген қағидаттарды бекітуі тиіс.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылымы аясында халықаралық су ұйымын құру бастамасын ұсынған болатын.