30 наурыз – Халықаралық қалдықсыз күні

  • 7
  • 30.03.2026, 21:45

Eurostat мәліметінше, әр адам айына шамамен 10 келі қалдық шығарады. Алайда оны сұрыптау деңгейі әлі де төмен. Осы бағытта Экология және табиғи ресурстар министрлігі қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріп, бірқатар жаңа жобаларды іске қосты. Ел бойынша қоқысты бөлек жинау алаңдары көбейіп, өңдеу кәсіпорындары көптеп ашылуда.

Елде жыл сайын 4-5 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналады. Алайда оның небәрі 25 пайызы ғана қайта өңделеді. Қалған бөлігі полигондарға жөнелтіліп, экологияға айтарлықтай зиян келтіруде. Мамандар мәселені шешудің тиімді жолы – қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеуге жіберу екенін айтады.

Евгений Мұхамеджанов, EcoNetwork жобасының негізін қалаушысы:

- Біз бұл істі 8 жыл бұрын бастадық. Қазір Қазақстанның 10 қаласында 250 кеңседе күн сайын қалдықтар сұрыпталады. Әріптестеріміз барып, бақылап, қажет болса, ескерту жасап, дұрыс сұрыптауды үйретеді. Сонымен қатар бізде арнайы портал бар. Онда барлық деректер жиналады. Сен қаншалықты полигондағы қалдық көлемін азайтқаныңды, қанша су мен электр энергиясын үнемдегеніңді нақты көре аласың.

Диана Қадыр, тілші:

- Енді қоқысты сұрыптап, табысқа айналдыруға мүмкіндік бар. EcoQolday мобильді қосымшасы тұрмыстық қалдықтарды өткізу үдерісін жеңілдетеді. Пластик, қағаз және шыны секілді қалдықтардың әрқайсысы жеке бағаланады. Сұрыпталған қалдықтың салмағы кемінде 10 келі болуы әрі таза, құрғақ күйде тапсырылуы тиіс. Пайдаланушы қосымша арқылы хабарландыру жариялайды. Ал кәсіпкерлер оны көріп, байланысқа шығады. Қажет болса, қалдықты мекенжайдан алып кетеді немесе жақын қабылдау пунктін ұсынады.

Табиғат тазалығы дрондармен бақыланады

Ақмола облысында табиғат тазалығы әуеден дрондармен бақыланады. Қазір өңірдегі 11 ауданда 22 дрон іске қосылды. Былтыр мамандар ақылды технологияның көмегімен 10 заңсыз қоқыс үйінділерін анықтап, бірден жойған. Жалпы жүйе 109 бірыңғай байланыс орталығымен біріктірілген. Экологиялық ахуалдан бөлек, күн сайын ақылды дрондар тасқын қаупін де бақылап, жағдайды орталыққа жеткізіп отыр. 

Сәуле Сембаева, облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының бас маманы:

- Жалпы «Таза Қазақстан» акциясы аясында іске қосылған дрондар тек қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, сонымен қатар жол жөндеу мен әлеуметтік объектілердің жұмысы туралы объективті деректер алуға пайдаланылады. 

Былтыр 31 желтоқсанда Үкімет қаулысымен 2026–2030 жылдарға арналған қалдықтарды басқару тұжырымдамасы бекітілді. Құжатқа сай, «Жасыл даму» базасында ұлттық қалдықтарды басқару орталығын құру көзделген. Жаңа орталық жүйені үйлестіріп, ел көлемінде бақылауды күшейтпек. Дегенмен қоршаған ортаның тазалығы әр азаматтың жауапкершілігіне тікелей байланысты.

Диана Қадыр, Мұхаммедәли Тілдәбаев