«Астана Тазалық»: ЖИ көмегімен қауіпсіздік пен тиімділік артты

  • 16
  • 02.04.2026, 21:45

Елорда аумағының 40 пайызын көгалдандыруға жауапты кәсіпорын биыл жасанды интеллектіні енгізді. Бұған дейін қолмен атқарылатын кей жұмыстар енді жаңа технологиямен оңай жасалады. Бүгін сондай-ақ осы салада еңбек етіп жүрген мамандардың бір тобына баспана алу үшін сертификаттар табысталды. 

Қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығына қарамай, қаланың тазалығы үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген жанның бірі Абылай Кенжебек. Бұл салада 11 жылдан астам тәжірибесі бар. Өзі еңбек етіп жүрген мекеме, екінші деңгейлі банктер арқылы ипотека рәсімдеуге мүмкіндік беретін, бастапқы жарнаның 50 пайызын жабатын арнайы сертификат табыстады.

Абылай Кенжебек, «Астана тазалық» ЖШС арнайы техника жүргізушісі:

-2015 жылдан бастап «Астана тазалыққа» жұмысқа кіргенмін. 5 балам бәрі, өзім де қуанып отырмын міне пәтерлі болып. Қарларын, жаз уақытында су сеуіп, қаламыз таза болсын деймін. Сол үшін жұмыс істеп еңбек етіп жатырмыз. Еңбегіміз бағаланып жатыр.

Биыл мұндай мүмкіндікке жеті қызметкер ие болды. Ал өткен жылы еңбек өтілі жеті жылдан асқан 17 маманға пәтер кілті табысталған. Сонымен қатар қызметкерлерге арналған 80 орындық жатақхана да пайдалануға берілді. Мекеме басшылығының айтуынша, бұл шаралар мамандарды тұрақтандырып қана қоймай, олардың жұмысқа деген ынтасын арттыруға да ықпал етеді.

Замир Сағынов, «Астана тазалық» ЖШС бас директоры:

-Негізінде қыс кезінде жүргізуші тапшылығы бар. Көптеген жүргізушілер біздің талаптарға сай келмей жатады. Себебі 7 күн жұмыс істеу керек болады. Қар кезінде. Тоқтамастан жұмыс істеу керек болады. Қыста тәулік бойы жұмыс істейміз. Бір сменге 600-700 техника шығады. Және 500-дей жұмысшы қосылады. Екі тәулікке қойсақ, 1000-1200 техника шығады.

Арнайы техникаларға ЖИ енгізілді

Одан бөлек, кәсіпорын қала тазалығын жаңа деңгейге көтеру үшін 393 арнайы техникаға жасанды интеллект енгізді. Жүйе көліктегі камера арқылы жүргізушілердің шаршауын анықтап, ұйықтап кетуіне жол бермейді. Ықтимал қауіптер туралы дереу ескертеді және тікелей көлікті бақылау орталығына хабар береді.

Дастан Мұсабеков, «Астана тазалық» ЖШС Көлікті бақылау департаментінің директоры:

-Жасанды интеллекттің көмегімен біз жүргізушілердің қауіпсіздігі мен мінез-құлқын бақылаймыз. Егер жүргізуші ұйықтап қалса, қысымы көтерілсе немесе шаршау белгілері байқалса, бір секундтық бейне автоматты түрде жазылады да, біздің ботқа жіберіледі. Әрбір бұзушылық тіркеліп, жол қозғалысы қауіпсіздігі бөлімінің қызметкерлері оны үнемі қадағалайды.

Көктем-жаз маусымында тазалық жұмыстарына 68 арнайы техника мен 600-ге жуық қызметкер жұмылдырылған. Жол жиегі, аялдамалар мен жаяу жолдар тазартылып, қоқыс шығарылады. Жәшіктер ретке келтіріледі. Сонымен қатар елорда әкімдігінің хабарлауынша, биыл 1 миллион жасыл желек отырғызу жоспарланған.

Диана Қадыр, Болотбек Табалдиев