«Таза Қазақстан» және «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында өткізілген сенбілікке 8 мыңдай адам қатысты. Ақтау тұрғындары 15-ші шағын аудандағы «Амфитеатр» алаңынан бастап 9-ықшам аудан жағажайына дейінгі аралықты қоқыстан тазартып шықты. Сондай-ақ Қаракөл аумағынан тұрмыстық қатты қалдықтарды жинады. Шалғай өңірде кезекті рет қолға алынған сенбілік кезінде 600 тонна қоқыс шығарылып, 95 гектар жер аумағы тазартылды. Игі шара соңында ең белсенді азаматтарға тәтті тағам, жеміс-жидек толы себет сыйға таратылды.
Әсел Балманова, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
-Теңіз жағасына мұнай компаниялары, құрылыс компаниялары сонымен қатар мемлекеттік органдар болатын болса, Қаракөл жағасы мен қала жағажайына экоеріктілер келіп отыр. Бұл ретте айтып өту керек, Жаңаөзен қаласынан 40-50 экоерікті осы сенбілікке біздер өз үлесімізді қосқымыз келеді деп, арнайы келген болатын. Бұл белсенділікті жоғары бағалаймыз.