Бұрын жастар тек маусымдық жұмысқа тартылып келсе, биылдан бастап қыста да елді мекендердің тазалығына атсалысады. Сәуір айында оқушылар мен студенттер, жұмыссыз жастардың үшінші легі жұмысқа қабылданды. Жалпы биыл 3 мыңнан астам адамды қамту көзделген.
Жұбаныш Өмірзақ «Жасыл ел» жасағына үшінші рет жазылған. Бұған дейін екі маусым еңбек еткен студент оқу тәжірибесін нәпақа табумен ұштастыруды жөн санайды. Ала жаздай сенделіп жүргеннен шаһардың тазалығына үлес қосып, тамыз айына дейін табыс табуды көздейді.
Жұбаныш Өмірзақ, студент:
-Практика уақытында осы жерде жұмыс істеймін. Бір жағынан біз осында практикада жүрміз, ал бір жағынан жұмыс істеп айлық алып жатырмыз. Көшені барынша тазалаймыз. Жастар үлес қосады да таза болуына. Негізі қала тазарып келе жатыр.
Биыл «Жасыл ел» мен «Атамекен» жасақтары ХХІІ маусымға қадам басты. Елді мекендерді көгалдандыру мен абаттандыру, құрылыс жұмыстарына 16 мен 35 жас аралығындағы жұмыссыз жандар тартылады. Қазірдің өзінде облыс орталығы мен өңірдің он ауданында 140 адам әлеуметтік бағдарлама аясында еңбек етіп жүр.
Артур Әзиев, «Жасыл ел» жасақтарының үйлестірушісі:
-Қаланың санитарлық тазалығы бойынша жеті мекемемен жұмыс атқарылып жатыр. Енді бізде негізгі көп бөлігі маусым мен шілде айларында шығатын болады. Студенттер де демалысқа шығатын болады, мектеп оқушылары да демалысқа шығатын болады.
Жалпы биыл жастардың еңбек жасақтарына 3200 адам қабылдануы тиіс. Олардың 2000-ы орман шаруашылықтарында жасыл желек белдеуін өсірумен айналысады. Қалғандары ауыл мен қалалардың санитарлық тазалығына атсалысып, құрылыс алаңдарында еңбек етеді.
Әлімбек Туралиев, облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы:
-«Атамекен» құрылыс отрядтары 85 мың теңге төлесе, 85 мың теңге, яғни 50 пайызын мердігер төлейді. Жұмыс беруші. Бұл жағынан жастарға да үлкен мотивация. Мердігерге де олардың жұмыс істеуіне, оларды қадағалауға, жалпы жұмыстың сапалы орындалуына өз үлесін тигізуде.
«Жасыл ел» жаз мезгілінде жастарды жұмыспен қамтитын бірегей жоба. 22 жыл бұрын Ақтөбеде бастау алған игі істің дәстүрі де қалыптасқан. Мәселен, әр маусымның үздік сарбаздары анықталады. Биыл да еңбек озаттары ел Астанасына үш күндік демалыс жолдамасын алады.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов