Ақсукентте пластик, шыны және картон қаптамаларға арналған бөлек контейнерлер орнатылып, оны жинаудың жаңа жүйесі қалыптасты. Нәтижесінде ауыл-аймақтың экологиялық ахуалы жақсарған.
Сайрам ауданының тұрғыны Владислав Голярко тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаудың жаңаша жүйесін енгізді. Еңбектің ебін тапқан эко-белсенді ауыл-аймаққа арнайы контейнерлер орнатып, мыңнан астам тұрғынмен келісімшарт жасасты. Енді қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды өткізген жұртшылыққа келісімшарт бойынша ай сайын ақы төленеді.
Владислав Голярко, әлеуметтік кәсіпкер:
- Халықта мотивация болуы үшін біз ыңғайлы жоба ұсындық. Егер сіз бөлек жинайтын болсаңыз, сіз емес, біз сізге төлейміз. Қазір бізге көп заявка түсіп жатыр. Еще сезон басталды. Картон үшін 4 мың төлесе, біз 8 мың ақшасын төлейміз.
Кәсіпорын қуаттылығы жылына 650 тоннаға дейін артты. Өндіріс әлеуеті кеңейген сайын өңделетін материалдардың тізімі де толығы түсті. Мұнда шыны мен пластиктен бөлек, алюминий, полиэтилен, қағаз-картон да бөгде қоспалардан мұқият тазартылып, сапалы шикізатқа айналады.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Өндірістік цехта жиналған қалдықтар сұрыпталып, қайта өңдеуге жіберіледі. Тазартылғаннан кейін әбден нығыздалады. Сонан соң салмағы 350 келіге дейін тартатын бумаларға бөлінеді. Осылайша дайын шикізат түрінде ірі зауыттарға жөнелтіледі.
Жобаның тиімділігі ауыл тұрғындарынан бөлек, мемлекеттік мекемелерге де сезіле бастады. Мәселен, білім ордаларында «Жасыл клубтар» жасақталып, оқушылардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігі артты. Ал қалдықтарды сұрыптаудан түскен қаражат есебінен аулаларды абаттандыруға демеушілік жасалады.
Әлия Исматуллаева №5 М. Горкий атындағы жалпы орта мектеп директорының орынбасары:
- Оқушылар қалдықтарды сұрыптауды, мусор тастамауды, оны жандырған кезде зиян екенін біледі. Солардың бәріне үйретілді.
Экологиялық қозғалыстың арқасында тазалық мәдениеті қалыптасты. Заңсыз қоқыс үйінділері жойылған. Ал жоба жетекшілері биыл цех жанынан пластикті қайта өңдеп, құрылыс материалдарын шығаратын жаңа желіні іске қосуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов