2040 жылға қарай Орталық Азияда су тапшылығы қаупі артуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты жариялаған жаңа талдамалық баяндамада айтылды. Құжатта су ресурстарының қазіргі жағдайы, климат өзгерісінің әсері және негізгі тәуекелдер жан-жақты сараланған.
Сарапшылардың дерегінше, Қазақстандағы су қорының 44 пайыздан астамы көршілес елдерден келеді. Әсіресе оңтүстік өңірлер сыртқы су көздеріне тәуелді. Мәселенің өзегі – су көлемінде емес, оны тиімді басқаруда. Мамандар инфрақұрылымды жаңғырту, су қоймаларын салу және жерасты суларын ұтымды пайдалану қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ салада білікті кадр тапшылығы бар. Сарапшылар су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өңірлік ынтымақтастық пен үйлесімді саясат шешуші маңызға ие екенін алға тартады.
Барбара Януш-Павлетта, Су ресурстарын басқару жөніндегі халықаралық институтты Орталық Азия бойынша өңірлік өкілі:
- Орталық Азия елдерін біріктіретін халықаралық конвенцияны жетілдіру қажет. Бұл туралы Президент өткен жылы мәлімдеген болатын. Бұл бастама аса маңызды, өйткені аталған негіз 1990 жылдардың басында әзірленген және уақыт өте келе жаңғыртуды талап етеді. Қазақстан қазіргі уақытта төрағалық етіп отырған Аралды құтқару халықаралық қоры секілді институттар аясындағы ынтымақтастықты күшейту қажет.