Бүгін – Халықаралық ағаш отырғызу күні. Қазақстанда мұндай баста көктем айларында тұрақты жүргізіледі. Мақсат – орманды жаңғырту және ауыл-аймақ пен қалаларды көгалдандыру. Экологияны жақсартуға арналған акцияға мемлекеттік қызметкерлер, волонтерлар, мектеп оқушылары мен жалпы жұртшылық қатысады. Биыл еліміз бойынша 210 миллион көшет отырғызу жоспарлануда.
Алматы облысы, Кеген ауданында орман шаруашылығы мамандары тұқымбақта өсірілген Шренк шыршаларын тау бөктеріне егіп жатыр. Бүгінде 264 гектар аумаққа бір миллионнан астам қылқанжапырақты мен 118 мың түп басқа да ағаш көшеттері отырғызылыпты. Өңірде ормандарды қалпына келтіруге бағытталған кешенді жоспар бар.
Мамандардың айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстар топырақты бекітіп, жердің тозуын азайтуға және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді.
Айболат Солтанғазиев, «Кеген» орман шаруашылығының директоры:
Біздің негізгі мақсатымыз – орманды қорғау, молықтыру, өсіру. 2025 жылы 20 гектар жерге 120 мың көшет тау бөктеріне егілген, биыл 100 мыңдай көшет 15 гектар жерге тау бөктеріне егіліп жатыр. Біздің өзіміздің тұрақты тұқымбақта және негізгі тұқымбақта көшеттер артығымен дайын деп айтсақ болады.
Жетісу облысындағы Сарыөзек кентінің айналасы да орманды алқапқа айналады. Жауаптылар «Жасыл белдеу» жобасы арқылы шөлейтті жерді көгалдандырмақ. Былтыр аймақта 6 мыңнан аса ағаш егілген болатын. Биыл оның санын екі есе арттыру көзделіп отыр. Көшеттер ауыл сыртына және елді мекендегі саябақтарға отырғызылып жатыр.
Дәурен Жолжанов, Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары:
- Біздің ауданның климаты құрғақ болып келеді. Сондықтан аймақты абаттандыру біз үшін өте маңызды. Алдағы уақытта көшеттер егумен қатар ағаш тұқымдарын да себетін боламыз. Бұл жұмыстар өз нәтижесін береді деп ойлаймын.
«Таза Қазақстан» экологиялық науқаны аясында биыл еліміз бойынша 210 миллионнан астам көшет отырғызу жоспарда. Бүгінде 243 орман тәлімбағында шамамен 157 млн көшет өсірілген. Жалпы соңғы бес жылда 1 млрд 600 мың түп ағаш егіліпті. Бір миллион гектардан астам жерді орманды алқапқа айналдыру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар Арал теңізі аймағындағы экологияны жақсарту шаралары да тұрақты назарда. Оның кепкен табанына сексеуіл егу жұмыстары жалғасады.
Ердәулет Ыбырайұлы, аймақтағы тілшілердің қолдауымен