Мұндай бастама «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ. Қазірдің өзінде 40 гектар аумаққа 70 мың көшет егілген. Сонымен қатар тұқымбақтарда жергілікті климатқа төзімді ағаш түрлері пайда бола бастады.
«Соколок» каналын бойлай орналасқан тұқымбақ наурыз айында жыртылып, дайындық жұмыстары ерте басталды. Мысалы, мына учаскеде үйеңкі мен қарағаштың өскіндері ойдағыдай бой алып келеді. Көшеттер уақыты келгенде орман алқабына көшіріледі. Мұнда тек жергілікті ағаш тұқымдары өсіріледі. «Апталап аңызақ соғатын климаты қатал өңірде өзге жердің өсімдігі өркен жая алмайды», - дейді мамандар.
Марат Жарылғасов, тұқымбақ агрономы:
- Осы күзде еккеніміз қазір шығып жатыр. Артықшылығы 2 жылда отырғызуға келеді. Біздің ауа райымыз өте ыстық, апталап жел соғады. Одан қалса, жазда 40 күнде қуаңшылық басталады. Сол кезде әкелінген талдар шыдай алмайды. Сондықтан мына жергілікті талдарға мән беріп жатырмыз.
Табиғи ерекшеліктерге байланысты тұқымбақ өзен иегіне жақын орналасқан. Себебі барлық алқап маусым бойы қолдан суарылады. Дегенмен оның да өзіндік қауіп-қатері бар.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- 2024 жылғы тасқын кезінде 200 гектардан астам алқапты су басып, салдарынан 360 мың түп көшет жарамсыз болып қалған еді. Енді орманшылар сол олқылықтың орнын толтыру үшін күн-түн демей еңбек етіп жатыр.
Облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне 8 мың 300 гектар орман қоры қарайды. Оның 2600 гектардан астамы осы Соколок өзегінің бойында. Мемлекеттік бағдарлама аясында олар 5 жылда 700 гектар қосымша жасыл белдеу жасақтауы тиіс.
Өркен Қапанов, орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің директоры:
- Қазіргі кезде жаңа айтып өткеніміздей, 40 гектар жерге егін егілді. Бүгінгі таңда 68,7 мың түп көшет отырғызылды. Ал күз мезгілінде тағы 61 гектар аумаққа егу жұмыстары жүргізіледі. Қазір бұл жұмыстарға 36 адам атсалысып жатыр. Оның ішінде трактористер, жүргізушілер, орманшылар, күзетшілер, орман шеберлері және инженерлер бар. Барлығы бақтағы жұмыстың дұрыс жүруін қадағалап, көшеттерді өсіріп-баптау бағытында еңбек етіп жатыр.
Жалпы Атырау облысында 56 мың гектардан астам орман қоры бар. «Жасыл белдеу» мемлекеттік бағдарлама аясында 2030 жылға дейін 5 млн көшет егілуі тиіс. Биыл көктемгі-күзгі маусымда орманшылар 210 мың түп көшет егуді жоспарлап отыр.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин