Маңғыстау өңіріндегі Айрақты тауында экологиялық акция өтті. Көрікті табиғи мекенді қоқыстан тазартуға мемлекеттік қызметкерлер, экологтар мен еріктілер атсалысқан. Тау етегінен жиналған тұрмыстық қалдықтар қоқыс полигонға шығарылды. Игі шараға қатысқандар көпшілікті қоршаған ортаны қорғауға үндеді. Жалпы былтыр Маңғыстаудың туристік жерлерінде жарты миллионға жуық адам болған. Олардың 20% – шетел азаматы.
Армат Жүсіпқалиев, Экология департаментінің басшысы:
- Осы жыл басынан бері туризмдік аймақтарда, әртүрлі жерлерде көптеген заңсыз қоқыс үйінділері табылып жатыр. Тек қана осы Айрақтыда емес, Шерқаланың маңында да, оның ар жағындағы Бозжыраның айналасында да кездеседі. Осыған орай жергілікті тұрғындарға айтарым: экологиялық тәрбие — ол үйден басталады.