Арал теңізінің табанына сексеуіл егілді

  • 10
  • 18.05.2026, 19:33

Арал теңізінің құрғаған табанында 1 миллион гектардан астам жерге сексеуіл егілді. Бұл соңғы 5 жылдың нәтижесі. Бүгінде адам бойындай ағаштар тұқым беріп, өніп-өсе бастады. Мамандар тұқым себу жұмыстарына агродрондарды қолданып жатыр. Сондай-ақ сапалы көшет өсіру үшін Арал табанынан жаңа тұқымбақ ашу жоспарланған.

«Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» биыл Қазалы ауданындағы тұқымбақта 1,5 миллион түп сексеуіл көшетін дайындауды көздеп отыр. Осы мақсатта 5 гектар алқапқа тұқым себілген. Биылғы жауын-шашынның молдығы да мамандардың жұмысын жеңілдетіп, өсімдіктің шығымдылығын еселей түсті.

Әліби Ғазизұлы, «Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМҚК бас директоры:

- Осыны күздігүні біз қопарып алып, өзінің стандартына келтіріп, соны кептіріп алмай, тамырын апарып Аралдың құрғаған ұлтанына егеміз. Мынау себілді ғой, енді бұл егіледі. Соны біз көшет дейміз. Көшет 25-30 сантиметрге дейін болады.

Теңіз табанын көгалдандыруда ғылыми тәсілдер мен заманауи техникалар қатар қолданылуда. Бұған Әлихан Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары атсалысуда. Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін соңғы 5 жылда Аралдың құрғаған ұлтанында бір миллион гектардан астам жерге сексеуіл егілді.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Мысалы, мына жерде кезінде толқыны тулаған теңіз болған десе, қазір ешкім сенбес, бірақ әлі күнге дейін мынадай бақалшақты кездестіруге болады. Және бұл жер қазір мыңдаған гектар орман алқабына айналған. Мысалы, мына сегіз жыл бұрын егілген сексеуілдің биіктігі қазір үш метрге дейін жетіп тұр

Мақсат Елемесов, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары:

- Бұған дейін егілген сексеуіл көшеттері қазірдің өзінде тұқым бере бастады. Осылайша Арал теңізінің табанында тұқым шашудың табиғи процесі іске қосылды. Бұл жерде үш ұңғыма қазылған. 500 метр тереңдіктен секундына 9 текше метрге дейін су шықты. Бұл маңда аң-құс пайда болып, тіршілік түлей бастаған. Жыл сайын шамамен 20 мың гектар аумаққа шөлге төзімді өсімдік түрлерін егу жұмыстары жалғасады. 

Жалпы соңғы бес жыл ішінде Арал табанына 54 миллион түп көшет егіліп, 400 мың тоннадан астам тұқым себілген. Алдағы уақытта мұнда аумағы 15 гектар болатын тағы бір тұқымбақ ашылмақ. Онда жыл сайын 3 миллион түп жергілікті климатқа жерсінген көшет дайындалады.

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев