Маңғыстау облысындағы «Қарақия-Қаракөл» табиғи қаумал аумағында сенбілік өтті. Тазалық шарасына Үстірт мемлекеттік қорығының қызметкерлері атсалысты. Инспекторлар көрікті мекенге тасталған тұрмыстық қатты қалдықтарды жинап, полигонға тасыды. Нәтижесінде 4 тонна қоқыс жиналған.
Қаракөл – Ақтаудан бірнеше шақырым жерде орналасқан жасанды су қойма. Мұнда көптеген жыл құстары, соның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген қызғылт қоқиқаздар мен аққулар көктем-күз айлары ұшып келеді. Қанаттылардың алыс сапар алдында күш жинап, қоректену сәтін қызықтау үшін қаумалға тұрғындар мен туристер жиі барады.
Аманқос Әбиев, Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының бөлім бастығы:
- Біздің өңірдегі «Көкесен» туристік маршрутына шетелдік туристер келеді және оларда экотуризм жақсы дамыған. От жағып, тамақ асып, осы жерді бүлдіріп кеткеннен айырмашылығы өте көп. Экотуризмде олар от жағудың орнына газ горелкасын пайдаланады. Себебі ол экологиялық қалдық қалдырмайды. Екіншіден, өздері қоқыстарын жинап, тиісті қоқыс жәшігіне тастауға тырысады.