Мәжіліс қабырғасында зиянды шығарындылар үшін айыппұл есептеу тәртібін өзгерту ұсынылды. Бұдан былай заңсыз қоқыс орындарын жою мен қатты тұрмыстық қалдықтар үшін тариф белгілеу өңірлерге жүктеледі.
Мәжіліс отырысында қоршаған ортаны ластайтын ірі компанияларға қатысты мәселе де сөз болды.
Экология – халықтың өмірі мен денсаулығына, тіпті ұлттық қауіпсіздікке де тікелей әсері бар саланың бірі. Сондықтан тиісті заң қашан да қызу талқыланады. Ал бұл тұрғыдағы қазіргі ахуалдың қандай екенін заң жобасын таныстырған Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин атап өтті.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бүгінде елімізде шешімін әлі толық таппаған күрделі экологиялық проблемалар бар. Уәкілетті органның мәліметіне сәйкес, Қазақстанда жыл сайын атмосфераға шамамен 4 миллион тонна ластаушы зат шығарылады. Қатты тұрмыстық қалдықтардың жылдық көлемі 5 миллион тоннаны құрайды. Экологиялық тұрғыдан проблемалы нысандар саны – 1580. Елдегі 2700-ден астам полигонның тек 20%-ы ғана санитарлық талаптарға сәйкес келеді. Ал EPI-2024 экологиялық тиімділік индексі бойынша Қазақстан қалдықтарды басқару бағытында 180 елдің ішінде 99-орында тұр.
Отырыста техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және көші-қон саясатын жетілдіру мәселесі де қаралды. Өзге елден атамекеніне келген қандастарға қойылатын талаптар жөнінде айтылды.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Соңғы бір айдың ішінде он шақты хат алдым, кездесулер жасадым. 1-ші қаңтардан бастап қандастарға пилоттық жоба енгізген. Бұрын қай өңірге барса да өзі білетін. Кейбір таңдаулы өңірлерге барса, сол жерде мемлекет қана қолдайтын. Қалған жерге өз таңдауымен ағайын-туысқандарға баратын. «Қазір шектеп қойды», - дейді.
Ербол Тұяқбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі:
- Бұл пилоттық жоба еліміздің экономикалық және демографиялық мүдделерін сақтауға бағытталған. Бұл жерде біз ешкімді бөліп жатқан жоқпыз. Ол қандас па, шетелден келген азамат па — екі негізгі принцип бар. Егер сен осы елде тұрып, өз тағдырыңды осы елмен байланыстырғың келсе, біз сол адамға азаматтық алуға өз көмегімізді тигіземіз. Ал егер тек жұмыс істеу көзделіп, уақытша ғана келетін болса, біз оларды шектеп, мамандар қажет өңірлерге жіберуді қарастырып отырмыз.
Жалпы Мәжіліс отырысында оннан астам мәселе қаралды.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Самат Сүлейменов