Туристік ағынның артуына байланысты таудағы оқыс оқиғалар саны шамамен 30 процент өскен. Көбіне дайындықсыз барған жастар зардап шегеді. Алматыда «Тау Жүрек: Биік мәдениет» жобасы басталды. Оның аясында шамамен 100 мың адамға таудағы қауіпсіздік, экологиялық этика және тау мәдениеті туралы ақпарат беріледі. Бағдарламаның алғашқы қатысушыларының қатарында біздің тілшілеріміз де болды.
«Солнышко» балаларды қолдау орталығының 30-дан астам тәрбиеленушісі «Тұйық-Су» альпинистік лагеріне жаяу туристік жорыққа шықты. Олармен бірге кәсіби альпинистер, нұсқаушылар мен құтқарушылар еріп жүрді. Алайда шыңды бағындырмас бұрын балалар таудағы ең басты қағиданы, яни қауіпсіздікті меңгеруі тиіс.
Жол оңай болмады. Кей тұстарда тік беткейлермен жоғары көтерілуге тура келді. Соған қарамастан, жас туристер бұл сынақтан сәтті өтті. Жол бойында олар бағыттан адасып кетпеу, жорыққа дұрыс дайындалу және табиғатты неге аялау керектігі туралы дәрістерді мұқият тыңдады.
Нұрсұлтан Шоқанов, Қазақстан Альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының президенті:
- Кейінгі ұрпақты тауда өзін қалай ұстау керектігін, тіршілік ету мен қауіпсіздіктің негізгі дағдыларына, экологиялық мәдениетке міндетті түрде үйретуіміз керек. Атап айтқанда, қоқыс тастамайтын, дайындықпен шығатын және адаспайтын болуы қажет. Статистикаға сүйенсек, тек өткен жылдың өзінде 410 құтқару операциясы жүргізілген. Өкінішке қарай, тауға дайындықсыз шығатын жастар кейде адасып, жарақат алып жатады.
Тынығып, түскі ас ішіп алғаннан кейін бағдарламаның тәжірибелік бөлігі басталды. Тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен балалар шатырлы лагерь құруды үйреніп, туристік жабдықтармен танысты. Альпинизмдегі түйіндерді байлау тәсілдерін меңгерді.
Наталья Забровская, «Солнышко» балаларды қолдау орталығы директорының орынбасары:
- Таудың табиғаты ғажап. Біз Алматыда тұрсақ та, өкінішке қарай мұнда өте сирек келеміз. Балалар үшін бұл естен кетпес саяхат болды десем, артық айтқандық емес. Біз қаланың төменгі бөлігінде орналасқан ауданда тұрамыз. Тау алыстан көрінеді. Бұл жерге әлемнің әр түкпірінен туристер арнайы келеді. Ал біз осында тұрып, сирек келеміз. Енді ыңғайы келсе, жиі келейік деп уәделесіп жатырмыз.
Дарья Жаркова, жобаға қатысушы:
- Маған өте ұнады, шара жақсы ұйымдастырылған. Таудың көрінісі қатты ұнады. Ауасын айтсаңызшы. Биік тауды алғаш рет көріп тұрмын. Бұл жерге алғаш рет келуім. Алған әсерім керемет. Шаршамадым.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба 100 мыңға жуық ел тұрғынын қамтиды. Қатысушыларға таудағы қауіпсіздік негіздері, туристік дағды және табиғатқа ұқыпты қарау мәдениеті тегін оқытылады.
Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов