Қостанай облысында 2 мыңға жуық жас «Жасыл ел» жасағына тартылады

  • 9
  • 03.06.2026, 19:58

Биыл Қостанай облысында «Жасыл ел» еңбек жасағына 2 мыңға жуық жасты тарту жоспарланып отыр. Олар жаз бойы елдімекендердің аумағын тазартып, абаттандырады. Маусымдық жұмыспен қамтылатын жастармен ресми түрде келісімшарт жасалып, еңбекақы төленеді.

Темірлан Қойшан 10-сыныпты тәмамдады. Жасөспірім жазғы демалысын бос өткізбей, еңбекке араласқысы келді. Мектепте экологиялық іс-шаралардың басы-қасында жүргендіктен, ойланбастан «Жасыл ел» жасағының қатарына кіруге өтініш беріпті. Бір жағынан бұл Темірлан үшін табыс табу мүмкіндігі.

Темірлан Қойшан, «Жасыл ел» жасағының сарбазы:

-Тазалықты біріншіден, қаланың тазалығын сақтаймыз. Әртүрлі жұмыс істейміз. Мысалы, ағаштарды красклейміз, ағашты кесеміз, мусорды жинаймыз. Және де жалақсы да өте аз емес. Әдемі төлейді.

Қостанайда сарбаздардың жас шамаларына қарай алты «Жасыл ел» бригадасы жасақталған. Олар тапсырыс берушінің аумағында таңғы сағат 9-дан 4-ке дейін жұмыс істейді. Демалыс, түскі асқа арналған үзіліс кестесі  сақталады.

Ерлан Дұрыскелді, «Жасыл ел» жасағының бригадирі:

-Сыпыру, шөп жұлу, талдағы бұтақтарды кесіп, балалар 45 минут істейді. 15 минут демалады. Түскі асқа 20 минут, жарты сағат беріледі. Балалар демалып, қатты қиын еш нәрсе жоқ.

Биыл өңірде жастардың еңбек жасақтарын ұйымдастыруға 264 миллион теңге бөлінді. Жазғы маусымда шамамен 2 мыңға жуық жас жұмысқа тартылады.

Анастасия Иващук, «Жасыл ел» жасағының штаб командирі:

- «Жасыл ел» жобасына қатысушылардың еңбегі лайықты бағаланады. Мәселен, 16–17 жастағы жасөспірімдер барлық қажетті құжаттарын рәсімдеп, ресми түрде жұмысқа қабылданады. Олар еңбек шарты негізінде жұмыс істеп, ай сайын 118 мың теңге көлемінде жалақы алады.

Соңғы бес жылда Қостанай облысында «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 14-тен 35 жас аралығындағы 9 мыңнан астам адам маусымдық жұмысқа тартылған. Өткен жыл ішінде ғана Жасыл ел сарбаздары 14 мың ағаш егіп, 600 гектарға жуық аумақты тазартқан.

Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров