Атырауда ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасында Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның XII отырысы өтті. Жиында Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу аясында Каспий теңізі мен Жайық өзенінің су экожүйелерін орнықты басқару мәселелері талқыланды. Сондай-ақ сенаторлар өңір жастарымен және әлеуметтік, өндірістік нысандардың еңбек ұжымдарымен кездесті.
Комиссия отырысында өңірдегі су бассейндерінің экологиялық ахуалы туралы айтылды. Сенат төрағасы: «Өзен-көлдердің ластануы , балық қорының азаюы және экожүйеге антропогендік әсердің күшеюі сияқты мәселелерге ерекше назар аудару қажет», - деді.
Мәулен Әшімбаев , ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі әлдеқашан өңірлік шеңберден шығып, жаһандық сипат алғанын әрдайым айтып келеді. Осы сын-қатерді еңсеру үшін Қазақстан Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуге бастамашы болды. Мемлекет басшысы су мәселері бойынша халықаралық күн тәртібін ілгерілету мақсатымен Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында Астанада су проблемаларын талдау орталығын құруды да ұсынды. Сондай-ақ БҰҰ-ның мамандандырылған агенттігі ретінде Халықаралық су ұйымын құру бастамасын көтерді. Жайық өзеніне қатысты мәселе де аса өзекті. Бұл түйткілдерді бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайды. Оларды шешу үшін ведомствоаралық үйлестіру, ғылыми негізделген шешімдер, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың, сарапшылар қауымдастығының, экологиялық қоғамдық ұйымдардың және халықаралық серіктестердің белсенді атсалысуы қажет.
Соңғы жылдары Каспий жағалауы 30-35 шақырымға дейін тартылып кеткен. Салдарынан шаңды дауыл көтеріліп, экологияға зиянын тигізіп отыр. Бұл орайда атқарылар жұмыс әлі көп. Одан бөлек, Жайық өзенінің теңізге құятын тұсы таязданып, балықтардың уылдырық шашуына кедергі көбейген. Сарапшы мамандар осы мәселелерге қатысты ұсыныс-пікірін ортаға салды.
Болат Есекин, халықаралық сарапшы:
- Кейбір болжамдарға сәйкес, Каспийдің солтүстік бөлігі, яғни Қазақстанға тиесілі аумағы құрғап қалуы мүмкін. Бұл тек Каспий итбалығы, бекіре тұқымдас балықтар мен жалпы биоалуантүрлілікке ғана емес, сонымен қатар экономикаға, мұнай-газ саласына, көлік-логистика жобаларына және теңіз порттарына да үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан бүгінде халықаралық ұйымдар мен үкіметтер мәселенің шешу жолдарын іздеуде. Ең алдымен, оның себептерін анықтау қажет. Себеп белгілі болмайынша тиімді әрекет ету мүмкін емес. Біз табиғатпен соғысудан бас тартып, оны қалпына келтіруге бағытталған саясатқа көшуіміз керек.
Жаңа Конституция - жаңа мүмкіндіктер
Мәулен Әшімбаев өңірдің белсенді жастарымен кездесуде жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарына тоқталып, оны мемлекетті дамытудың және саяси жүйені жан-жақты жаңғыртудың ұзақ мерзімді бағытын айқындайтын стратегиялық құжат деп атады. Сонымен қатар Ата Заңның табысты іске асырылуы жастардың белсенділігіне, біліміне және жауапкершілігіне де байланысты екеніне тоқталды. Жиында жастар өз ұсынысын айтып, сауалдарын жолдады.
Усилә Арманқызы , облыстық жастар мәслихатының депутаты:
- Білім алу саласында, үлкен даму барысында, ғылым саласында жастардың үлкен көзқарастарды жақсы алып келіп жатқанын айтты. Мұндай кездесу – мемлекет тарапынан жастарға деген сенім. Жастар осы берілген сенімді алып шығуы үшін көп білім алуы керек. Ғылым саласында ізденуі керек. Осынша беріліп жатқан гранттарды, мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ел дамуына үлкен үлестер қосуы керек деп ойлаймын.
Жұмыс сапары барысында Сенат депутаттары «ҚазТурбоРемонт» ЖШС ұжымымен кездесті. Сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік оңалтуға арналған «Алмалы» орталығының қызметімен танысты.
Асланбек Шығыр, Амантай Матенов