Каспийге 6 млрд текше метр су жіберілді

  • 8
  • 05.06.2026, 19:37

Жыл басынан бері Каспий теңізіне 6 млрд текше метрден астам су жіберілді. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Атырау облысының тұрғындарына берген есебінде айтты.

Жаңа Су кодексін іске асыру мақсатында министрлік Қазақстандағы өнеркәсіптік кәсіпорындарды түгендеу жұмыстарын аяқтады. Жалпы мемлекеттік қолдау шараларының арқасында Қазақстанда су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны бес есеге артқан. Былтырдың өзінде Атырау облысында жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйесі арқылы 9,3 мың гектар жер суарылды. Нәтижесінде 12,8 млн текше метр тіршілік нәрі үнемделген. Ал биыл су үнемдеу технологиялары қосымша 800 гектар аумақта қолданылады.

Нұржан Нұржігітов, Су ресурстары және ирригация министрі:

- Атырау облысында 15 мың гектар егістік жер бар. Соның бүгінгі күні 10 мың гектар жеріне жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйесі енгізілген. Бұл – республика бойынша жақсы көрсеткіш. Орта есеппен республикада бұл көрсеткіш 30 пайыз болса, сіздерде 70-80 пайызға жақындап қалды деуге болады. Үкімет тарапынан оған қомақты қаражат бөлініп жатыр.