Павлодарда қоқыс сұрыптау кешені іске қосылуға жақын

  • 6
  • 08.06.2026, 19:46

 Павлодарда жылына 150 мың тоннаға дейін тұрмыстық қалдық қабылдайтын сұрыптау кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл өңірдегі ауқымды жоба. Нысан іске қосылса, пластик, шыны, қағазды өңдеу көлемі артып, қоқыс полигонының жүктемесі азаяды.

Қаладағы тұрмыстық қалдықтар енді осы орталыққа жеткізіледі. Сұрыптау кешені жылына 150 мың тонна қоқыс қабылдайды. «Қалдықтардың шамамен 30 пайызы қайта өңдеуге жарамды», - дейді мамандар.

Әлихан Әубақов, қоқыс сұрыптау кешенінің директоры:

-Қаладан шығатын тұрмыстық қалдықтың барлығы осы жерге жеткізіледі. Пластик, қағаз, шыны, картон, полиэтилен, алюминий және металл бұйымдары қайта өңдеу кәсіпорындарына жөнелтіледі. Осылайша қоқыс полигонына түсетін жүктеме азаяды.

Кешенде компостау технологиясымен жыл сайын 60 мың тонна органикалық қалдық өңделеді. Одан шыққан тыңайтқыш қаланы көгалдандыруға қолданылады. Экологтардың пікірінше, бұл жоба қоршаған ортаға келетін зиянды азайтуға мүмкіндік береді.

Әсет Сыздықов, Экология департаменті басшысының орынбасары:

-Қоқыс полигондарында органикалық қалдықтардың ыдырауынан зиянды газдар бөлінеді. Енді жаңа кешенде қалдықтар сұрыпталып, тыңайтқышқа айналады. Соның арқасында метан, аммиак секілді қиянды заттардың ауаға таралу көрсеткіші төмендейді.

Қазір өңірде қалдық жинауға арналған 321 нысан бар. Бірақ басым бөлігі заманауи экологиялық талаптарға сай емес. Мамандар жаңа кешеннің қайта өңдеу саласына жаңа серпін беретінін айтып отыр.

Асланбек Шығыр, Валентина Леонова, Марат Игіліков