Қала саябақтары мен көшелеріндегі ағаштарды жапырақжегі қоңыздар басып, олар жапырақтарды жаппай зақымдап жатыр. Мамандардың айтуынша, зиянкестер әсіресе өңірде көптеп егілген қарағаштардың жапырағын талғажау етеді.
Шаһардағы қарағаштардың жапырақтары бір айға жетпей шұрық-тесік торға айналған. Бірер күннен кейін сарғайып, түсіп жатады. Зер салса, жапырақты кеміріп жатқан ұсақ құртты байқауға болады. Бұл жапырақжегі қоңыздың дернәсілі. Дәурен Тауасаров: «Зиянкестер шаһардың біраз бөлігінде ойран салып жатыр», - дейді.
Дәурен Тауасаров, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі:
- Бұл зиянкестің ерекшелігі — оның энтомофагы жоқ. Энтомофаг дегеніміз — зиянкестің табиғи жауы, қарсыласы. Тіпті оларды құстар шұқымайды. Тек химиялық немесе биопрепараттармен ғана күресуге болады. Аудан-ауданға бөлмей, бүкіл қаланы түгел бір уақытта жаппай өңдеу жұмыстарын жүргізу қажет. Менің бақылауымша, қаланың шамамен 70 пайызы зақымдалып үлгерген.
Шаһар басшылығы өкілдері зиянкестермен күрестің жүргізіліп жатқанын айтады. Алайда улау жұмыстары жаппай емес, тек халық көп жиналатын демалыс орындары ғана қамтылады.
Мирас Әжібаев, Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімдігі ткш бөлімінің басшысы:
- Орталық саябақтар, парк-скверлер болады, содан кейін өзен жағалауы бойынша, Астана ауданы бойынша Сазды өзені жағалауы бойынша және Жіңішке өзені және мына оңтүстік-батыс аумағында орналасқан үлкен көл бар су жиналатын, соның айналасын улау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Масаны улайтын шамамен 20 гектардай жер бар, ал қарағаштарды улау бойынша 100-200 гектардың айналасында.
Зиянды жәндіктермен күресуге бюджеттен 30 млн теңге қаржы бөлінген. Қазір мердігер мекеме шаһар аумағындағы жасыл желекке химиялық препарат сеуіп жүр. Мамандардың айтуынша, бұл дәрі-дәрмектің адам ағзасына ешқандай зияны жоқ.
Мейрамгүл Бектасова, мердігер мекеме өкілі:
- Бізде өңдеу жұмыстары негізінен суық тұман әдісімен және де термогенераторлардың көмегімен жүргізіледі. Қолданылатын циперметрин және де титанопик болып табылады. Олар ҚР аумағында қолдануға рұқсат етілген. Қазіргі таңда ауа райы қолайсыз әсер туғызуда. Себебі дезинсекция жұмыстарын құрғақ және желсіз ауа райында жүргізу керек.
Сондықтан жапырақжегі құртының дернәсілін жою үшін бірнеше мәрте улау қажет. Жәндіктердің адамға залалы болмағанымен, дер кезінде уланбаса, шаһардағы жайқалған жасыл-желекті санаулы күн ішінде жойып жіберуі мүмкін.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеов, Айбек Даутов