Алматылық экобелсенділер 4 жылдың ішінде таудан 26 тонна қоқыс жинаған. Топтың жетекшісі Тимур Хасенов. Ол қаладағы компаниялардың бірінде менеджер болып жұмыс істейді. Тимур әр сенбі сайын тауға шығады. Бірақ ол тек серуендеп қайтпайды. Жүрген жерінде қоқыс жинайды. Алғашында жалғыз өзі бастаған. Кейін қатарына өзі сияқты табиғат жанашырлары қосылыпты.
Тимур Хасенов күн сайын таңертең жұмысқа жиналғанда қолғап, қысқыш пен қоқыс салатын пакеттерді бірге ала шығады. Кеңсесіне дейін 20 минут жаяу жүріп барады. Сол уақытта ол екі пакетті қоқысқа толтырып үлгереді. Көбіне жолында сусынның босаған ыдыстары, целлофан мен тәттілердің қабы жатады. Бүгін тіпті біреу ағаштың түбіне тамақ қалдығын тастап кетіпті. Тимур оны арнайы құрылғы көмегімен жинап алды.
Тимур Хасенов, экобелсенді:
- Біз бұл гаджетті сегіз ай бұрын алдық. Бұрын мұндай қалдықты қолмен жинайтынбыз. Мына құрылғы өте ыңғайлы. Екіге бүктеледі. Рюкзакқа оңай сияды. Бастысы қоқысты қолмен ұстмайсыз. Онымен кез келген нәрсені жинауға болады. Тастап кеткен майлықты, темекі тұқылын жинап алуға ыңғайлы.
Тимур жұмыс күндері қала көшелерін тазалауға атсалысса сенбі сайын тауға барады. Дәл сол жерде оған экобелсенділер қосылады. Ол көбіне барлық қажетті заттарды өз ақшасына сатып алып, қоқыс жинауға келгендердің бәріне үлестіріп береді. Оның экологиялық қозғалысының тарихы 4 жыл бұрын Алмаарасан шатқалында басталған.
- Бәрі 2023 жылы басталды. Қыс мезгілі болатын. Досым екеуіміз өзен бойымен серуендеуге шықтық. Ол жерде қоқыс жататынын білетінбіз. Сөйтіп, қап ала бардық. Соның алтауын толтырдық. Содан кейін ролик түсіріп, әлеуметтік желіге жүктедік. Тұрғындар қызығушылық танытып, біз де қосыламыз, топ құрайық деп ұсыныс білдірді. Қазір комьюнитиде 450 адам бар.
Бұл жолы Тимур мен оның командасы Алмаарасандағы Өтпелі шатқалын тазалауға шықты. Іле Алатауы ұлттық паркінің қызметкерлерімен бірге 60 қап қоқыс жинады. Табиғат жанашырлары пластик ыдыстардың зиянын айтудан жалықпайды. Өйткені, жинап алмаған жағдайда жылдар бойы топырақ астында ыдырамай жата береді.
Қымбат Нұрдәулет, волонтёр:
- Біздің осындай кереметтей табиғатымызды адамдар керемет демалыстарын өткізгеннен кейін ластап кететіні кішкене өкінішті. Бірақ жинағаннан кейін өзіңді бір керемет сезінесің. Бұл жердің тыныс алып жатқанынан, жануарлардың барлығы саған бір рахмет айтып жатқандай сезімде боласың.
Жансерік Әлімбеков, экобелсенді:
- Табиғат аясына келіп демалғаннан кейін артын жинап кету керек. Адам баласы ұмытпау керек. Жер бетінде қалай пайда болды табиғат асырады адам баласын. Осы күнге жеткізген адам баласын табиғат. Сондықтан біз табиғатты аялауымыз керек.
Алматылықтар Тимурды Алмаарасанның қорғаушысы деп атайды. 4 жылдың ішінде оның командасы таудан 26 тонна қоқыс түсіріпті. Бірақ ол мұны мақтан етпейді. «Бір күні жинауға қоқыс табылмай қалса, онда мен мақсатыма жеттім,- деп білем. Сол күнді асыға күтем»,- дейді.
Авторлар: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев, Валентин Лобанов.