Алматыда жыл басынан бері 74 мың ағаш санитарлық мақсатта кесілді

  • 5
  • 30.07.2026, 19:43

Алматыдағы жасыл желекке күтім керек. Жыл басынан бері қалада 74 мыңға жуық ағашқа санитарлық кесу жұмыстары жүргізілген. Мамандардың айтуынша, бұл жасыл желектің өміршеңдігін сақтап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Алматы – жасыл қала. Дегенмен аптап ыстықта адамға сая болған ағаш кейде қауіп төндіреді. Былтыр қала орталығындағы ағаштың жуан бұтағы басып қалып бір әйел қайтыс болды. Биыл Баум тоғайында қураған тал құлап, 19 жастағы қыздың өмірін қиды. Көлікке де зақым келтіргені бар. Санитарлық жұмыстың ең басты міндеті – қауіптің алдын алу. 

Райымбек Досмұханов, Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бас маманы:

- Санитарлық кесудің басты мақсаты – ең алдымен, қаламыз тұрғындарының, сондай-ақ автокөлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл шара ағаштардың санитарлық жағдайын жақсартуға және жасыл желек қорын сақтап қалуға бағытталған.

Қаланың барлық аудандарында кәрі және апатты ағаштар жөнге келтіріп жатыр. Бұл жұмысқа 32 бригада, 160 қызметкер және ондаған арнайы техника жұмылдырылған.

Омар Нұрқайдаров, ҚР Көгалдандыру қауымдастығының вице-президенті:

- Қаламызда санитарлық кесуді қажет ететін кәрі ағаштар көп. Санитарлық кесу дегеніміз – ағаштардың қураған, зақымданған немесе ауруға шалдыққан бұтақтарын алып тастау. Бұл жұмыстарды жүргізу барысында мамандар оның белгіленген талаптарға және қолданыстағы жасыл желектерді қорғау мен күтіп-ұстау қағидаларына сәйкес орындалуын бақылайды.

Ал тұрғындар: «Санитарлық кесу жұмыстары ұқыпты жүргізілсе», - дейді. Себебі қала экологиясы үшін бір талдың болса да маңызы ерекше.   

Бауыржан Атшабар, қала тұрғыны:

- Тек апаттық жағдайдағы ағаштарды ғана кесу керек, өйткені олар адамдарға шынымен де қауіп төндіреді. Ағаштардың төменгі бұтақтарын кесіп, жоғарғы бөлігін қалдырған дұрыс, себебі адамдарға көлеңке де қажет.

Данаәділ Құрманжанов, қала тұрғыны:

- Менің ойымша, бұл дұрыс шешім. Өйткені қаланың даму саясатына сай келеді. Әдемі, ыңғайлы әрі пайдалы. Бірақ кейде ағаштарды шамадан тыс кесіп жатады. Кесуден бөлек, ағаштардың діңін әктеп, уақытылы күтіп-баптап санитарлық талаптарды қатаң сақтаса екен.

Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, биыл санитарлық мақсатта кесу жұмыстарының көлемі екі есе артты. Осылайша жыл соңына дейін 140 мың ағашты бұтап, ретке келтіру жоспарланып отыр.  

Бекзат Үшкемпір, Валентин Лобанов