Алматыда қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауыты салынады.
Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың Hunan Junxin Environmental Protection компаниясының басшысы Дай Даогомен болған кездесуінде айтылды. Қазір жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастауға дайындық жүргізіліп жатыр. Зауыттың тәуліктік қуаты – 2 мың тонна қалдықтарды қайта өңдеу. Ол арқылы 60 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіру жоспарланған. Бұл бастама көмір қышқыл газы қалдықтарын жылына 200 мың тоннаға дейін азайтып, қоқыс полигонын босатады. Құрылысқа 700 жұмысшы тартылса, өндіріс іске қосылғаннан кейін 120 тұрақты жұмыс орны ашылмақ.
Олжас Бектенов жауапты мемлекеттік органдарға бір айдың ішінде бірқатар ірі қалада осындай кәсіпорындар салу туралы келісімге қол қоюды тапсырды. Биыл мамырда Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен аталған компания келісімге келіп, 145 млрд теңгенің инвестициялық жобасын жүзеге асыра бастаған.