«Тараздың ортасынан өтетін Қарасу каналы қараусыз қалды», - деп тұрғындар шағымданып жатыр. Айналасын қоқыс пен қамыс басып кеткен. Арасында қаңғыған ит-мысық жүреді. Каналға жақын орналасқан үйлердің тұрғындары балалардың қауіпсіздігіне алаңдайды. Ал жергілікті билік шарасыз. «Қамысты жою қиын», - деп отыр.
Ұзындығы 12 шақырымнан асатын Қарасу каналының 4 шақырымы қаланың ішімен өтеді. Тұрғындар: «Арнаға жақындауға жүрексінеміз», - дейді. Қаулаған қамыс пен үйілген қоқысты айтпағанда, ит-мысық жайлап алған. Тіпті көзден таса жерде ауыр қылмыс жасалған кездер болған.
Нышанкүл Нақыпова, қала тұрғыны:
- Осы қамыстың арасынан өлім де шығады. Наркомандар да шығады. Ішетін адамдар да осының арасына барып арақ ішеді. Ит деген босып жүреді. Азанда немерелеріміз балабақшаға барады. Кешке сабақтан қайтады. Қорқып отырамыз. Осы қамысты құртып, тыңайтқыш істей ме, басқа нәрсе істей ме бізге осыны құртып берсе болды.
Мерей Бает, тілші:
- Қарасу каналын абаттандыру жұмыстары 2021 жылы басталған. Ол кезде арнаның бас жағына саябақ салынған. Кейін ол абаттандыру жобасы осы маңдағы Әулиебұлақ бұлағына дейін жалғасуы тиіс еді. Алайда бастапқыда жаяу жүргіншілер жолағы орындықтар орнатылғанымен, аяқсыз қалды. Қазір жағалаудың жағдайы осындай кейіпке еніп отыр.
Ілесбек Шымырбаев, қала тұрғыны:
- Екі ортасында алдымен жаяу жүргіншілерге арналған жол болатын. Жоспар бойынша оның үстінде велосипед жолы болатын. Жобаны көргенде, осы жерде бәріміз қуандық қой. Бірақ аяғы жоқ болды ғой бәрі. Әулиебұлақтың суы да жоқ болды, шөбі де жоқ болды. Талы да жоқ болды. Қазір, әне, жетім бала сияқты жатыр.
Әкімдік өкілдері қаптаған қамысты жылда орады. Алайда бірнеше айдан кейін қамыс қайта өседі. Өсімдікті жою үшін, химиялық заттар қолданса, экологияға зияны көп. «Сондықтан түбегейлі жою үшін екі қапталын бетондау керек», - дейді аудан әкімі. Жауаптылар биыл жобалық құжат жасап, келесі жылға қаржы сұрамақ.
Барлық Төреханов, Тараз қаласы Әулиеата ауданының әкімі:
- Химия қосуға болмайды. Бұл су барып Қапал өзеніне құяды. Қапал өзенінен жеке шаруашылықтарға суару жұмыстары үшін су алынады. Келесі жылы абаттандыруға қаражат көзі табылып, жұмысты бастасақ, онда бұл жерде бетон төселеді. Брусчатка салынады, шөптің өсуі ықтимал болмайды. Жолдар салынады. Көше жарық шамдары қойылады. Габион тастармен қоршаулар жасалады.
Тараздың ішімен 8 канал өтеді. Әкімдік оларды қаржы бөлінуіне қарай кезең-кезеңімен абаттандыруды жоспарлап отыр. Мәселен, былтыр Түйте каналының 1,7 шақырымы жөнделіп, бойына саябақ салынды. Ал келер жылдың көктемінде Үшбұлақ арнасын жаңғыртуға 1,6 миллиард теңге қарастырылған. Сонымен қатар қаладағы арық жүйесі де жаңартылады. Қазір Тараздағы 180 шақырымдық арықтың 70 шақырымы жөнделді.
Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә