Ұлытау облысында өрік дәндері жаппай егіле бастады

  • 3
  • 17.09.2026, 18:40

Елімізде рұқсатсыз қоқыс төгетін орындардың саны 2018 жылмен салыстырғанда үш еседен астам азайған. Бұл - «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылған жүйелі жұмыстардың бір нәтижесі. Экологиялық науқан табиғатқа жанашырлықпен қарап, көркейтуге үлес қосқысы келетін азаматтарды да жігерлендірді. Президенттің бастамасын қолдаған қазақстандықтардың бір тобы игі істерді де қолға алды. Мәселен, қазір Ұлытау облысында прокурорлардың ұйытқы болуымен жаппай өрік дәні егіліп жатыр. Бірқатар өңірде тазалықты сақтауға қажетті техникалар жаңартылды.

Ұлытаулық прокурорлар өрік дәнін егуге бағытталған ерекше экологиялық акция бастады. Олар өрік сүйегін тастамай, жинап, елді мекендерді абаттындыруға пайдалануды ұсынады. Себебі жемістің бұл түрі өңір табиғатына бейім және ерекше күтімді қажет етпейді. Бастамаға мектеп оқушылары да қолдау көрсетіп жатыр. Балалардың көмегімен Жезқазғандағы мектептердің ауласына жүздеген өрік сүйегі егілді.

Хаджымұрат Серікбай, Жезқазған қаласы прокуратурасының аға прокуроры:

- Бұл іс-шара Жезқазған қаласында ғана емес, Ұлытау облысының өңірлеріндегі мектептерде де өткізілетін болады. Бұл шара тек ағаш отырғызумен шектелмейді. Ол өскелең ұрпақтың болашаққа деген жауапкершілігін арттыру, экологияға үлес қосу, жастар арасында «Таза Қазақстан» акциясын кеңінен насихаттау және қоршаған ортаға зиян келтірмеу мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Тәртіп бар жерде тазалық бар

Ал тазалық сақтауда үлгілі аймақтардың қатарына жататын Сыр өңірі, қазір бағыттағы жұмысты белсенді етуге баса көңіл бөлген. Жауапты ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуды қолға алды. Коммуналдық мекемелерге 37 жаңа техника берілді. Олардың ішінде қар күрейтін, қоқыс таситын, көше тазалайтын, су тартатын арнайы көліктер бар. Дегенмен тазалыққа нұқсан келтірген деректер де жоқ емес. Биыл Қызылордада қоршаған ортаны ластағандарға қатысты 11 мыңға жуық хаттама толтырылды. 

Нұрлыбек Сейілханов, «Қызылорда тазалығы» ЖШС бас инженері:

- Біздің мекемеміз қазір техникамен 80 пайызға жаңартылды. Қазіргі таңда тазалық мекемесінде 280-ге жуық техника бар. Мекемеде 500-ге жуық қызметкер жұмыс істейді, олардың көпшілігі – жұмысшылар. Қала бойынша 280-ге жуық көше бар, сол көшелердің барлығын тазалап жатырмыз. Көппәтерлі үйлердің аулалары мен арасын да қазіргі таңда жақсы тазалап, тиісті жұмыстар атқарылуда.

3 кәсіпорын ауаны ластаған 

Шымкентте ауаны ластаған үш кәсіпорынның жұмысы сот шешімімен уақытша тоқтатылды. Жыл басынан бері экология департаменті қоршаған ортаны қорғау заңдарын бұзғандарға 63 әкімшілік хаттама толтырған. Атмосфераға нормадан тыс зиянды қалдық шығарған, табиғатты ластағандарға жалпы сомасы 288 миллион теңге айыппұл салынды.

Қалада ауа сапасын бақылайтын 7 бекет жұмыс істеп тұр. Соңғы мәліметтерге сәйкес, зиянды қалдықтардың көлемі 31 мыңнан 40 мың тоннаға дейін көбейіп кеткен. Осыған байланысты бақылау күшейтілді.

Ермахан Қозыбаев, қалалық Экология департаментінің басшысы:

- Бізде рұқсат құжаттары болмаса, 328-баптың 4-тармақшасына сәйкес сотқа жолданады. Сондай екі мекемеге қатысты да сотқа жолданған болатын. Қазіргі уақытта осы мекемелерге айыппұлдар салынып, сот шешімімен уақытша тоқтатылды.

Табиғатқа ұқыпты қарау - парыз

«Таза Қазақстан» акциясының мақсаты – әрбір  азаматты табиғатқа ұқыпты қарауға баулу. Сондай-ақ экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Президенттің бұл бастамасы қоғамның қолдауына ие.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, биыл ғарыштық мониторинг арқылы 2 мың 637 заңсыз қалдықтар көмілетін орын анықталып, 83%- жойылған. Сонымен қатар қоршаған орта қалдықтарын басқару талаптарын бұзғаны үшін 239 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Мұхамбетәлі Тілдабаев