Солтүстік Аралдағы су көлемі 23,4 млрд текше метрге жетті

  • 4
  • 07.10.2026, 18:33

Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды орындау шеңберінде Үкімет Солтүстік Аралды қалпына келтіру және Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау шаралары жүзеге асырып жатыр.

Бүгінде Солтүстік Аралдағы су көлемі 23,4 миллиард текше метрге жетті. 20 жылдан астам уақытта теңіз аумағы 36 пайызға ұлғайып, судың минералдану деңгейі екі есе төмендеген. Енді Көкарал бөгетін қайта жаңғыртып, алдағы 5-6 жылда су көлемін 34 миллиард текше метрге дейін арттыру көзделіп отыр. Сырдария арқылы Солтүстік Аралға жылына кемінде 2 миллиард текше метр су жіберіледі.

Каспий теңізі бойынша жұмыстар да ширатылды. Қазақстан Каспий маңы мемлекеттерімен бірлесіп, теңіз деңгейінің төмендеуіне байланысты тәуекелдерді бағалауға басымдық беріп отыр. Каспий итбалығын сақтау, ластанудың алдын алу және жағалау ресурстарын басқару бойынша халықаралық жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Жандос Сәлімов, ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі: 

- Трансшекаралық су мәселесі бойынша Қазақстан барлық көршілес мемлекеттермен құқықтық базаны қалыптастыруды аяқтады. Былтыр Өзбекстан Республикасымен трансшекаралық су нысандарын бірлесіп, басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Бұл құжат 10 жылға созылған келіссөздер нәтижесінде қабылданды. Жолға қойылған дипломатия арқасында су аз кезде де Солтүстік Арал теңізіне судың тұрақты келуі қамтамасыз етіледі.