Былтыр еліміздегі әкімшілік соттарда инвесторларға қатысты 200-ден астам іс қаралыпты. Сенаторлар бұл тым көп деген пікірде. Жағдайға талдау жасау үшін бүгін депутаттар арнайы жиын өткізді. Соттағы арыз-шағымдарды үш топқа бөлуге болады. Ол жер қойнауын пайдалану, салық және экологиялық нормаларға қатысты. Бір компанияның түрлі мемлекеттік органдармен жылына 2-3 рет соттасу жағдайлары да тіркелген. Ал барлық қаралған істердің 80% астамы инвесторлардың пайдасына шешіліпті. Мамандар мәселені сотқа дейін шешу тәжірибесін жетілдіру қажет деп санайды. Жағдай осы қалпында жалғасса, еліміздің инвестициялық тартымдылығына нұқсан келуі мүмкін.
Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Бір жағы имидж бар, инвестордың қаржысы, уақыты, кейін оның ынтасын жоғалтамыз. Біздің елімізге жұмыс жасаймыз деп келген азаматтың қолынан қаққандай боламыз. Соттарға жүктемені көбейтеміз. Экономика жағында, құқық жағында, заңнамалық түзетулар қажет болса, біз оған да дайынбыз дегенді айта аламыз.