Хабар телеарнасы

Қазақстан мен Түркия өсімдіктерді қорғау саласында ынтымақтастық орнатады

Қазақстан мен Түркияның ауылшаруашылық саласындағы ынтымақтастығы артып келеді. Былтыр екі елдің тауар айналымы 6 млрд АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде экспорттың көлемі басым. 

Сенат отырысында қос ел Үкіметі арасындағы өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң мақұлданды. Құжат әкелінетін жүктерге, фитосанитариялық бақылауға және тасымалдауға қатысты талаптарды да белгілейді. Жалпы соңғы үш жылда Қазақстаннан Түркияға 700 мың тонна өсімдік өнімі экспортталса, ал Түркиядан 40 мың тоннаға жуық ауыл шаруашылығы дақылдары жеткізілген. Бауырлас елден негізінен жаңғақ, қызанақ, бұрыш, жидектер, гүл дақылдары әкелінеді. Ал бізден дәнді және бұршақты дақылдар экспортталады.  

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Қаралған келісім Қазақстан мен Түркия арасында өсімдіктер карантині саласындағы бірлескен іс-шараларды регламенттейтін құқықтық негіз қалыптастырады. Осы мақсатпен келісім аясында фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және карантиндік зиянды организмдердің таралуын болдырмауға бағытталған нақты ережелер қарастырылды.