Хабар телеарнасы

Олжас Бектенов: Цифрлық технологияның әлеуетін пайдалану керек

Артық шығынды қысқартуға цифрлану арқылы қол жеткізуге ниеттіміз. Тек бюджеттің емес, азаматтардың да қаржысын үнемдеу көзделген. Енді елде зияткерлік меншікпен тиімді жұмыс істеу үшін цифрлық платформа әзірленеді. Қазірдің өзінде еліміздегі мемлекеттік қызметтің 80%-тен астамы электронды үлгіде ұсынылып жатыр. 

Цифрландыруға көшкен алғашқы жылдары қоғам оны бюрократиядан арылу деп қабылдады. Шынында да солай болды. Енді оның тиімді тағы бір тұсын көріп отырмыз. Ол – уақыт және қаржы үнемдеу. Жалпы біз цифрландыруға әдеттендік, бойымыз үйренді.

Мәселен, 2024 жылы 14 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетсе, оның 87%-і электрондық форматта ұсынылған. Ең көп сұранысқа ие жылжымайтын мүлікке техникалық паспорт беру және заңды тұлғаларды тіркеу.

Жаслан Мәдиев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Реинжиниринг жұмыстары аясында 61 бизнес-процесс, оның ішінде 17 мемлекеттік қызмет оңтайландырылды. 2025 жылы тағы 31 бизнес-процесті жаңғырту жоспарлануда. Бұл көрсетілетін қызметтердің сапасын едәуір жақсартуға және олардың халық үшін қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Цифрлық трансформацияның арқасында сот шешімдерін орындау, заңдық кеңес беру және сараптамалық зерттеулер жүргізу процестерін жаңғыртуға қол жеткізілді.

«Робот – сот орындаушы». Енді ақырындап осыған үйренеміз. Аталмыш жүйе елімізде былтыр тамыз айында сынақ ретінде іске қосылды. Соның көмегімен 125 мыңнан астам іс қаралған. Ол әкімшілік айыппұлдар өндіру, қарызды қайтару түріндегі операциялар. Роботтың нұсқауын орындаған адамға салынған шектеулер кейін автоматты түрде шешіледі. Осы рәсімдерден өту кезінде азаматтардың 600 млн теңгесі үнемдеген. Өйткені қызмет тегін. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Әділет органдарын дамыту мен цифрландыру – мемлекеттің, азаматтардың және бизнестің заңды мүдделерін қорғауға бағытталған аса маңызды үдеріс. Осы орайда жасанды интеллектіні дамыту алдыңғы қатарға шықты. Бұл бюрократиядан арылтудың негізгі әдістерінің бірі. Сондықтан көрсетілетін қызметтердің жеделдігін, қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін цифрлық технологиялардың әлеуетін түгел пайдалану қажет.

Әділет органдарын цифрландыру барысы талқыланды. Қазір бұл салада мемлекеттік қызметтің 94 түрі көрсетіледі. Оның 35-і толық автоматтандырылған, ал 49-ы жартылай автоматтандырылған. Демек әлі де құқықтық ағарту бағытында атқарылатын шаруа жеткілікті. Сондықтан Үкімет басшысы «Әділет», эталондық бақылау банкі, «E-ZanKomegi» және «eOtinish» ақпараттық жүйелерін жаңғыртуды, сондай-ақ кеңес беру ісін автоматтандыру үшін чат-бот енгізуді тапсырды.

Ердәулет Ыбырайұлы